Нағыз шеберлер ел ішінде әлі де көп…
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы – Отырар өлкесіндегі археологиялық және этнографиялық ескерткіштерінің басты қоймасы. Мекеме ұлттық құндылықтарымызды сақтау, насихаттау, қорғау жұмыстарымен айналысады. Музей қызметкерлері ұлтымыздың асыл мұраларын зерттеу, жинақтау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. Бұл жердегі этнографиялық жәдігерлер экспедициялар барысында табылған және қолөнершілер мен өнер жанашырларының музейге тартқан сыйлығынан жиналған.
Таяуда ұжым қызметкерлері музей қорын толықтыру мақсатында Отырар ауданы, Аққұм елді мекеніне «Ел іші – өнер кеніші» атты этнографиялық ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды.
Сапар барысында сырмақ сыру, кілем, алаша тоқу, текемет басу өнерін жалғастырушы қолөнер шеберлері ел ішінде әлі де мол екеніне көз жеткіздік. Олар өз қолдарынан шыққан асыл бұйымдарын музей қорына қуана тапсырды. Аққұм елді мекенінде қолөнершілер Қ.Нұрілдәқызы мен Қызжібек Дәрібекқызы өз қолдарынан шыққан сырмақ, арабы алаша, терме алашасын сыйға тартса, Рахимаш Қайырбекқызы анасы Битек келіні Айша апаның жасауымен келген 3 жүкаяқ, 1 асадалын музейге ұсынды.
Сырмақ, терме алаша, қақпа алаша секілді ұлттық бұйымдарды тоқыған шеберлердің қиялы өнердің қасиетін терең түсінетін кез келген адамды таң қалдырады. Бояулары бір-біріне үйлесімді, оюлары жатық, көз тартар сәнділігімен, үздік орындаушылық шеберлігімен ерекше көзге түседі. Ел ішінде халқымыздың ұлттық қолөнерін қастерлейтін, салт-дәстүріміздің құпиясын білетін көкірек көзі ояу қариялардың әлі де бар екені көңіл қуантады.
Әрбір азамат жарық дүниеге келген соң шама-шарқына қарай соңына із қалдырады, ол үшін қажымас қайрат, шыдамдылық керек. Сый-құрмет қай жерде болса да өздігінен келмейді, ол табандылықтың, маңдай тердің арқасында біртіндеп жиналады. Қолөнер шеберлерінің барлығы да өміріне серік қолөнерін жастарға үйрету арқылы ел құрметіне бөленген жандар.
Қолөнер – ел тұрмысына сән беріп, адамдарға рухани ләззат сыйлайтын, халық өмірімен бірге жетіліп келе жатқан өнер. Қазақ халқының қолөнерін дамытуға үлес қосқан, оны осы кезге дейін жалғастырып келе жатқан халық шеберлерінің өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттап, ертедегі ата-бабаларымыздың қолөнер үлгісінің шеберлігін сақтап қалып, кейінгі ұрпаққа жеткізу және үйрету игілікті іс.
А.ЖҰМАШЕВА,
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі.
Отырар ауданы.