Н.Бұхарбаев суицидке кім кінəлі екенін айтты

Шымкент қалалық мəслихат депутаты, қоғамда болып жатқан жəйттерге өз пікірін ашық білдіруші, сондай-ақ Facebook əлеуметтік желісінде белсенді азамат Нұрғазы Бұхарбаев, өзінің жеке парақшасында суицидке мектепті кінəлай берудің қажеті жоқ екендігін жеткізді. Халық қалаулысының жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

«БАЛАЛАР НЕ ҮШІН ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАЙДЫ, КІНӘЛІ КІМ?

Суицид – қоғам дерті. Жасөспірім суициді неге көп? Оқушы мұндай қадамға не үшін барады? Сұрақ көп, жауап жоқ. Соңғы кездері біз бала суициді туралы жиі еститін болдық. Бұл мәселеге бейжәй қарауға болмайды. Өз-өзіне қол жұмсауға мектеп кінәлі, ал психологтар отбасы жағдайының тұрақсыздығы мен ата-ананың балаларына көңіл бөлмеуі деп жатады.

Менің ойымша бірінші кезекте бала тәрбиесіне жауапты әке-шеше. Оқу орнында түрлі жағдайлар болады. Үлкендердің кішілерге әлімжеттік жасауы, ақша жинау, сыныптастар арасындағы келіспеушілік тағы басқаның бәрі психологиялық тұрғыда буыны қатпаған оқушыға ауыр тиеді. Сол себепті ата-ана баламен ашық сөйлесу керек. Кей бала ата-ананың ықыласы мен сүйіспеншілігіне мұқтаж. Тым қатал тәрбие де дұрыс емес, себебі бала сізге проблемасын айтудан қорқады. Бала бір күннің үштен бір бөлігін ғана мектепте өткізеді. Бос жүрмес үшін оны жастайынан еңбекке дағдыландырған жөн. Еңбек дегеніміз сол кітап оқу,спортты жанына серік ету десек артық айтқандық емес. Мүмкіндігінше әр ата-ана баласын қосымша үйірмеге, өзін дамыту сабақтарына бергені абзал. Оны мұқият бақылап, құрдастарымен қарым-қатынасы дұрыс болуына жағдай жасау маңызды. Мектеп білім беруге міндетті. Ал тәрбиені ең алдымен отбасы береді.

ҚАТЕЛІК ӨЗІМІЗДЕН, МЕКТЕПТЕН ЕМЕС.

Баланың алғашқы тәрбие алатын орны – отбасы. Әрбір бала «мен әкемнің, анамның сүйіктісімін, мен оларға қымбатпын» деп сезінуі керек. Әке-шеше оның қалауын орындап, баланы жақсы көретінін білдіруі тиіс. Бала ата-анасынан үнемі қолдау тауып, оларға керек екенін білсе, суицид түгілі басқа да жаман әрекеттерден аулақ жүреді. Сондықтан, құрметті ата-ана бала жүрекке көңіл бөліп, оларды жақсы көріңіздер!!!».

Нұрғазы Бақтыбайұлының бөліскен жазбасына көпшілік оң пікір білдіріп, басқа да депутаттар қоғамдағы мəселелерге белсенді араласса дейді. 

Өзіне-өзі қол салу шариғатқа да, рухани тұрғыдан да, заңға да қайшы әрекет. Сондықтан тәрбиені отбасынан бастап, бұл дертпен көп болып күресейік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *