Мерейжас құтты болсын, құрметті еңбек ардагері!
… жалғасы.
Тағы бір есте қаларлықтай кезеңді бастан өткергенбіз. Аудандық газетке Владимир Ким редакторлық жасап жүрген кезеңде редакцияға Германияның əріп теретін қондырғысы орнатылды. Бұл қорғасыннан құтылудың басы болатын. Енді газет офсеттік тəсілмен аудандық баспаханада емес, Шымкенттегі қалалық баспаханада жарық көретін болды. Газет шығару бұрынғыға қарағанда жеңілдетілгенімен бұл қондырғының журналистер үшін қиындығы да бар еді. Себебі, қолжазба əлгі қондырғыда бірден теріліп, қайта оқылмаған соң, қате кетті ме, əлде жоқ па, ол жағын білу тым қиын болатын. Бұл ең алдымен, əріп терушінің сауаттылығына байланысты еді. Қазақ газетінде бұл қондырғыны бірінші болып меңгерген біздің Қалима болды. Орыс тіліндегі қолжазбаларды бір емес, екі адам теретін. Олардың бірі (аты-жөндері толық есімде қалмапты) Л.Сукач деген əйел де, екіншісі Геннадий Купчиненко дейтін орыс азаматы еді. Ол екеуі аздық еткендей, көмекке редакторымыз В.Кимнің əйелі мен қызы келетін. Төртеуі төрт жағынан жабылып, жұмыс істесе де, Қалимадан қалып қоятын. Орыс тілінде жарық көретін газетке қарағанда, қазақша газет анағұрлым тез дайын болатын. Осындай кездері олардың бойынан Қалиманың жұмыс қабілетіне деген қызғанышы анық байқалып қалатын.
Күндер зулап өте берді. Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіріп келген, 1989 жылы күзде аудандық газет тізгінін бас редакторымыз Əбдімəлік Рахманқұлов ұстады. Əбекеңнің тікелей араласуымен газетте ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған кейіпкеріміз пəтерлі болып, қуанышқа кенелді. Бұл Қалиманың ғана емес, бүкіл ұжым мүшелерінің қуанышы еді. Қатардағы қызметкер-операторға пəтер бөлу үшін сол кездегі қаланың атқару комитетінің төрағасы Аманкелді Сəбденов редакцияға арнайы келіп, аса күрделі фотонабор қондырғысын ұршықша иірген Қалиманың жұмысын бір сағаттай бақылап, риза болып кеткенінің өзі неге тұрады десеңізші?! Жоғарыда əңгімелегеніміздей, біздің редакцияға кімдер келіп, кімдер қызмет атқармады?! Өзге өңірлерде бұрын баспасөзде қызмет атқарған, қалтасында Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген дипломы бар мамандар да редакцияда бірер жыл қызмет атқарды. Біздің Қалима оларды мақаланы тілді шұбарламай жазуға үйретуден жалыққан жоқ.
Қалима Қасымқызы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де біздің ұжымда бес жыл жұмыс істеді. Қызы Айжан орта мектепте білім алумен қатар, қалалық саз мектебінің қазақтың ұлттық музыка аспабы – қобыз класында оқыды, Алматыда жоғары оқу орнын үздік бітіріп, филолог маман атанды. «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» дегендей, өмірден өз серігін тауып, көпті жиып той жасап, құтты орнына ұзатып салды. Осы қуаныштың бəрін бүкіл редакция ұжымы болып бірге бөлістік. Уақыт өте немерелер сүйіп, бақытқа кенелді. Бүгінде тəп-тəтті немерелерін сағынғанда Ленгір мен Алматының арасын жиі жол қылатын болды. Өмірде бұдан артық қандай қуаныш бар десеңізші?!
Ардагерлеріміз – Қалима Қасымқызы Əбдірахманова, Тамара Ивановна Грушко мен Алтынқыз Таласбайқызы Ізтілеуова редакцияға телефон арқылы жиі хабарласып, кейде арнайы келіп, сағыныштарын басып тұрады. Бұл олардың қарашаңыраққа деген қимастық сезімдері болса керек.
Қалима Қасымқызы Төлеби ауданының 90 жылдығына орай бір топ еңбек ардагерлері қатарында төсбелгімен марапатталды. Бұл да болса біздің еңбек ардагерімізге деген құрмет.
Таң атады, күн батады. Осылайша əр күніміз алға қарай сырғи береді. Сол сырғыған күндер жетегімен Қалима Қасымқызы жетпіс жасқа жетіп, қазір немерелерінің ақ жаулықты əжесі. Ана бақыты деген осы болар?!
Мерейжас құтты болсын, құрметті еңбек ардагері!
О.СҮТТІБАЕВ.