МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕМІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

25 қазан – Республика күні. Әлі де тар ойлайтын ағайындар арасында Қазақстанға Тәуелсіздік оңай келгендей көретіндер бар. Өз елі, өз жерінде сол кездері азшылықта болған қазақ үшін Республика күнінің маңызы зорын түсіне білуіміз керек.
Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлтының кешегі қуатты Жоңғар мемлекеті сияқты әлем картасынан жоғалып кететіндей жылдар болғанын жадымыздан шығармауымыз керек.

Зұлмат жылдарда екі тізгін, бір шылбырға ие болмасаң көлденең көк аттының қанжығасында кететін сәттер аз болып тұрған жоқ.

Құдайға шүкір, ел тізгіні Қасым-Жомарт Тоқаевтай мемлекетшіл тұлғаның қолында. Өткенге тас атпай-ақ қоялық, бірақ егемендік алған отыз жылдағы орын алған келеңсіздіктер туралы аз айтылып жатқан жоқ. Мұндайда өткенге салауат дейді.

КСРО империясының қан құсқан саясатында біздің жастығымыз өтті. Шовинизмнің асқынғаны соншалық, өздерін аға тұтып, басқа ұлттарға шекелеп қарайтынын көзіміз көрді. Ондай шовинистермен аянбай күрестік.

КСРО-да үздік болған Әбілсейіт Айханов, Әбділан Нұрмаханов сияқты алыптарымыздың әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарына жолы түспей бармақтары шайнаулы кетті. Грек-рим күресінен қазақтан шыққан олимпиада ойындарының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровтің өзі Дінмұхамед Қонаев сынды мемлекет басшысының арқасында ғана Мәскеу олимпиадасына қатысқанын бүгінгі жастар біле бермейді.
Егемендік, өз алдыңа тәуелсіз ел болу баянды бақыт, асқан қуаныш қой.

Мерекеміз құтты болсын!

Жарылқасын ОҢАЛБЕК,
«Ontustik» университетінің құрылтайшысы,
ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы, профессор.

#Республика_күні