МЕН – ТҮРКІСТАНМЫН

Уа, Түркі жұртым,

Мен – Түркістанмын.

Бәріңе туысқанмын,

Бәріңнен шашылып шарқ ұрған.

Түпнұсқамын,

Замандардан қаңғыртқан.

Мәліметтер алдыртқан,

Зерделеп сүзіп мың жылдан.

Тарихыңды жаңғыртқан,

Мен – Түркістанмын!

Жеті қат жер астынан,

Ғалымдар бәрін ақтарды.

Сегіз мың жыл бұрынғы,

Тірліктен берді ақпарды.

Алыстан да, жақыннан,

Қиянатты көп көрдім.

Соғыс, аштық, зомбылық,

Бәрін бастан өткердім.

Моңғол, қалмақ, жоңғарлар,

Жон арқамды жонғандар.

Көршілер де қоқаңдап,

Төсіме кеп қонғандар.

Феодал, патша, кеңестік,

Дәуірлерде зарығып.

Жерге, малға бай бола,

Өсті халқым тарығып.

Ал, бүгінде бәрі ұмыт,

Тәуелсіздік алғаннан.

Адамзатқа зәрулік

Тату өту жалғаннан.

Діліміз бір болғасын,

Дініміз бір болғасын.

Кімдер бізді бөледі,

Тіліміз бір болғасын.

Сырымыз бір болғасын,

Жырымыз бір болғасын.

Кімдер бізді танымас,

Түріміз бір болғасын.

Шымырлаған шындыққа,

Жетіп, бірде жете алмай.

Екі мың екі жүз жыл жасым,

Тұрмын жария ете алмай.

Бұл күнді аңсап үмітпен,

Өткен талай дүр Сұлтан.

Маған кейін ту тіккен,

Назарбаев Нұрсұлтан.

Бір той болар кезіне,

Жауаптымын өзім де.

Көкжиектен көрініп,

Тұрсаңдаршы көзіме.

Таумен, саймен, түзбенен,

Шиырланған ізбенен.

Жұмақ емес түрікке,

Тек, ынтымақ іздеген.

Мен – Түркістанмын!

2200 жыл бұрын,

Ай мен күннен нұр құшқанмын.

Мен сақпын, ғұнмын,

Моңғолмын, маңғытпын.

Түркілер деген халықпын,

Менің қырық жүрегім бар.

Қырық жұрттан тірегім бар,

Әзірбайжанмын, башқұртпын.

Саха, якут, бурятпын.

Иасауидің басында,

Жанып тұрған шырақпын.

Дүниенің төрт бұрышты аймағын,

Шарлап жүрген ағайыным.

Мен Абаймын,

Адамзаттың бәрін сүйген.

Мұсылманшыл пырақпын,

Иасауидің әруағынан нұрсаулап.

Жанып тұрған шырақпын,

Аспан сынып, жерге түсіп.

Жер ойылып кетпесе,

Мен бәріңді жалғаймын.

Дүр сілкінтіп дүниені,

Рухани құбылаң – Түркістанда.

Бір той барын аңдаймын.

Нұрмахан НАЗАРОВ,
Халықаралық психология ғылымдары академиясының (Ресей) Құрметті академигі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, түркістанушы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.