МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ШЫМКЕНТТЕ 2 МЫҢНАН АСТАМ ЖОБАҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау туралы да мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, қаладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына 13,3 млрд.теңге қарастырылған. Бүгінде 4,1 млрд. теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген.

Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде 944 млн.теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн.теңгеге19 жоба қаржыландырылды.

Сонымен бірге, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қолжеткізуі үшін«Shymkent–Atameken»микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн.теңгеге дейін 6 пайыздық несие беріледі. Жыл басынан бері 86 жоба қолдау тапқан.

«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілуде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту қолға алынуда. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтенов ОКҚ-де өткен брифинг кезінде баяндады.

Бүгінгі таңға аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады.

Бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда.

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд.теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді.