Осындай санаттағы балаларға дефектологиялық қайта даярлау курстарынан өткен логопед, психолог, олигофренопедагог, әлеуметтік педагог, сурдопедагог, емдік дене шынықтыру тифлопедагог, балалар дәрігері, музыка және емдік уқалау мамандары медициналық қызмет көрсетеді. Олар әр баланың диагнозы мен қарым-қабілетіне қарай жеке дамыту бағдарламасы бойынша оқу-тәрбие үдерістерінде ойын, ертеңгіліктер, арттерапия түрлерін балалардың жас және даму ерекшеліктеріне сай жеке және шағын топпен өткізуде.
Аталмыш мекеме директоры Айтбек Спатайдың айтуынша, баланың қызығушылығы мен қабілетіне қарай түзету-дамыту жұмыстары М. Монтессори, Л.Занковтың әдістемелері бойынша жүргізіледі, яғни балада «Өзім жасауға көмектес» деген қағиданы қалыптастыру жолға қойылған. Бұл дамыта оқыту арқылы жеке бас шығармашылығын жетілдіруге бағыттау, ойын арқылы оқыту, ойындық іс-әрекет арқылы бала психикасын дамыту, еркіндікке баулу болып табылады.
Түзету мекемесінде сенсор кабинеті, оқу және топ бөлмелері қажетті құралдармен жабдықталған. Тіл кемістігі бар балалардың ауызша және жазбаша сөздік қорын дамытуға арнайы бағдарламалармен түзетуге арналған құралдар қолданылуда. Интернет желісі бар. Тәрбие шаралары ата-аналардың қатысуымен өткізіледі.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды әдетте қоршаған ортамен байланыстың үзілуі, өзі қатарлы дені сау балалармен қарым-қатынастың болмауы қинайтыны рас. Қамкөңіл баланың өмірге деген құлшынысын қалыптастырып, төзімділікке үйретуде, өз ортасының толыққанды мүшесі болуына жол ашып жүрген ұжым қызметкерлерінің еңбектеріне ата-аналар риза. Қазығұрттық Сәбиден Әлинұр, Хайдар Санжардың әжелері Роза, Дәулеткүл, тұрбаттық Хазиров Абдулрашид, жаңабазарлық Әбдіманап Нұрисламның аналары Мафтуна, Ақеркенің түзету кабинетінің білікті мамандарына деген алғыстары шексіз.