Масылдық психологиядан арылу қажет
Қазақ халқы тумысынан еңбекқор, турашыл, адал еңбек, маңдай терімен күнелткен жұрт. Масылдықты, жалқаулықты, біреудің ығында жүріп күнелтуді ар санағаны екі бастан. Алайда заман өзгеріп, дәуірлер алмасып, технологиялық прогрестер атойлаған кезеңде кей адамдардың бойында патерналистік көңіл күй мен масылдық пайда бола бастады. Бала-шағасын мемлекеттік көмектер арқылы асырауды талап етуге арланбайтын жанұялар да кездесетіні жасырын емес. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсіл де олар үшін қажетсіз болып тұр.
Жаңаша өзгерістер қарсаңында тұрған еліміздің дамуына оның әрбір азаматы атсалысуы уақыт талабы. Ол үшін бірінші кезекте қоғамда мемлекетке ғана иек артып, соның көмегімен ғана өмір сүремін деген масылдық психологиядан арылу қажет. Мемлекет те өз тарапынан тікелей функциясы – реттеушілік пәрменін қолға алатынын мәлімдеп отыр. Ендеше, патернализмнен ада болып, мемлекеттің қамқорлығын емес, қолдауымен-ақ қатардан қалмауға болады.
Жалпы масылдық сана сан ғасырлардан бері қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені белгілі. Сол масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады. Масылдықты психолог мамандар адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп жатады. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді. Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір мотивация – адал еңбек. Данышпан Абай атамыз өзінің әйгілі қара сөздерінің бірінде «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» демей ме? Негізінен, қазіргі уақытта әрбір жұмыс істеймін деушіге барлық мүмкіндік бар. Жағдай да жасалған. Еңбекақылары да тәп-тәуір.
Мемлекет басшысы шын мұқтаждардың әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқанын сынға алуы тегін емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шын мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқанын мәлімдеді. «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заң аясында және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар», – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. «Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деуі де үлкен ойға итермелейді.
Сонымен, мемлекет пен халық арасында әлеуметтік қатынастарды қалайша дұрыс жолға қоюға болады? Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын қалайша ажыратамыз? Қазақстанда патерналистік көңіл күй қаншалықты күшті? Осы мәселе жөнінде сарапшылардың пікірі әртүрлі. Қалай болғанда да, түйін біреу – қазақстандықтарды масылдықтан түбегейлі ажырату керек, әйтсе де мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін босаңсытып алуға болмайды. Өйткені қазір екеуі де өткір тұр. Бұл ретте Германияның Фридрих Эберт атындағы қоры 2022 жылы еліміздің 14 пен 29 жас аралығындағы жастарының өмірлік құндылықтары мен не күтетіні туралы зерттеу жүргізгенін атай кеткен жөн. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстыра зерделенген бұл зерттеуде біздің жас буынның патерналистік көңіл күйі өте жоғары болып шыққан. Олар бұрынғысынша мемлекеттен түрлі жәрдемақы, жеңілдіктер түрінде, тіпті несиелік рақымшылық сипатында көмек күтеді екен. Әсіресе, мемлекет еңбекпен қамтып, қызметке орналастырады деп күтетіндердің қатары өте көп екен. Ал зерттеуде қарастырылған жас санаты Қазақстан халқының жартысын құрайтын контингент екенін ескерсек, бұл жақсы ахуал емес. «Қазақстандық қоғамда патерналистік және масылдық қатынастың қаншалықты терең тамыр жайып кеткендігі туралы әзірге дөп басып айту қиын. Өйткені дәл қазіргі жағдайда ел экономикасының геосаяси жағдайлардың салдарынан қандай күйге ұшырайтыны әзірге белгісіз. Әйтсе де, мұндай көңіл күйдің өсе түскендігін зерттеулер көрсетіп отыр. Оның бір себебі Қаңтар оқиғасынан соң түрлі түйткілдер, соның ішінде әлеуметтік өткір мәселелер бойынша мемлекетке талаптың күшейе түскендігінде болуы мүмкін. Халықтың бір тобы несиені кешіру, жәрдемақыны көбейту, тегін баспанамен қамту сияқты базалық сұраныстарды талап етсе, басым бөлігі саяси-экономикалық шынайы трансформацияны күтіп отыр», – дейді Орталық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Анна Гусарова.
Осындайда ойға ата-дәстүрді ту еткен бабалар тағылымы еске түседі. Олар ұл мен қызын кішкентайынан еңбекке баулып, кәсіпке бейімдеп, біреуге қол жаюдың ұят екенін, сүйекке таңба екенін ұрпағының санасына құя білді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, тәрбиенің тазалығы қыз бен жігітті адал еңбек етуге бейімдеді. Біреуге қол жаю оларға өліммен пара-пар көрініс еді…
Ұлағатты ұрпақ өсіргісі келген әр азамат, тәрбие тал бесіктен екенін ұмытпай, жалқаулықтың, масылдықтың ақыры отбасыға зиян екенін, қайғы-қасіреттің бастауы да сол жақта жатқанын бала санасына құя білсе, келешекте патерналистік көңіл күйден арылармыз деген сенім күшті.
Н.ҚАБЫЛБЕК