Масылдық – қоғам індеті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз мұқтаждық пен масылдықтың ара жігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінгені жөн» деген болатын. Алайда, қоғамда әралауан адам бар. Жалқаулық пен енжарлықтың нәтижесінде мемлекетке масыл болып жүргендер де жеткілікті.

Статистикаға сүйенсек, 8 миллион 800 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін көрсетеді. Олардың ішінде тұрақты жұмысы барлардың саны 6 миллион 700 мыңнан асқан. Бұл отандастарымыздың еңбектен қашпайтындығына да дәлел. Осы мәселе төңірегінде Тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры, бас ғылыми қызметкер Мұхтар Қожаның пікірін білдік:

— Біздің қоғамда масылдықтың таралуын өзіңіз қалай бағалайсыз? Біз қаншалықты масылмыз? Бұны мемлекет басшысының мәселе ретінде көтеріп отыруының өзі нені білдіреді? — Масылдық жалқау адамдардың тірлігі. Біздің қоғамда өкінішке орай, жан қинап тірлік жасағысы келмейтін,  ешкімге,  қоғамға еш пайдасы жоқ адамдардың типтері кездеседі. Бұл типтегі адамдар үнемі қол жайып,  бала-шағасын  асырап бағуға үкімет  міндетті деп санайды. Үкіметті,  жеке тұлғаларды сынайды. Ондай типтегі адамдар өзінің осындай халіне,  жағдайсыздығына өзін кіналамайды. Сол жағдайын жақсартып ел қатарлы өмір сүруге тырыспайды. Адам бойындағы бұндай қасиеттерді болдырмау үшін баланы жастайынан еңбекке баулып өсіру керек. Мемлекет басшысы масылыдққа бой бермеу керектігін айрықша атап өтуі де тегін емес. Себебі, масылдықтан арылу – мемлекетіміздің дамуының алғышарты екенін түсінуіміз керек.  Масылдық — қоғам індеті. Ол халықты,  ұлтты тоқырауға әкеліп соқтырады. Алға басқан елді кері тартады. Әрбір азамат қоғамда  қайтсем адам болсам,  қайтсем адал болсам,  қайтсем ата-анама,  туыс-бауырларыма пайдам тиеді,  еліме,  ұлтыма нендей жәрдем тигізе аламын деген ойда жүруі тиіс. Жаманнан жиреніп,  жақсылыққа ұмтылу адамгершіліктің,  имандылықтың кілтипаны.

— Қоғамды масылдықтан шығару үшін не істеуіміз қажет? Нақты ұсынысыңыз қандай?

— Көп азаматтарымыз ұсынып тұрған жұмысты төмен санап,  өзіне лайық көрмей жұмыстан бас тартады. Оның аяғы нендей жағдайларға әкеліп соқтыратыны оны қызықтырмайды. Есектің артын жусаң да ақша тап деген атам қазақтың сөзі дәл оған қатысы жоқ сияқты. Біле білсек,  небір мықты қалталы кісілер өте қарапайым еден жуушы,  даяшы болып өмір жолын бастағанын есте сақтауымыз керек. Мен-мендеп мұрын шүйіріп биікке шамасы келмесе де аздан бастауды намыс көретін,  қорлық көретін психологиядан арылу керек. Жамандықтан жиреніп,  жақсылыққа жанасатын кез келген сияқты. Алдыңғы қатарлы елдерде  адамдардың көп бос сөзге ерік бермей,  тек еңбек арқылы ғана керемет биіктерге шыға алатынын,  солардың мінез-құлқын үлгі-өнеге ретінде үйде,  мектепте,  жалпы қоғамдық өмірде айтып алға тарта беруіміз керек.