МАСЫЛДЫҚ МӘСЕЛЕСІНІҢ МҰҢЫ

Елімізде соңғы уақыттары патернализм мен масылдық мәселесі күн тәртібінде жиі көтеріліп келеді. Олай болуының реті де бар. Өйткені қордаланып тұрған әлеуметтік проблеманың бір себебі осы мемлекетке міндет артып, масыл болуда жатыр. Оған қоса, жыл сайын елімізде адами капиталдың индексі төмендеп келеді. Ендеше, мемлекет бұл проблемаға дер кезінде назар аударып отыр деуге негіз жоқ емес. Осы ретте түркістандық оқырмандарымыздың назарына масылдық мәселесі жөнінде ақпараттарды ұсынамыз.

Әркім – өз өмірінің иесі. Сондықтан да оны тұрмыс тауқыметіне шалдықтырмай, әлеуметтік проблемаға душар етпей, ел қатарлы сүргісі келетіні хақ. Кім-кім де болса, баласын қатардан қалдырғысы келмейді. Ел қатарлы табыс тауып, баспана алып, көлік мініп, ақшасы одан артылса жылына бір рет болса да демалып қайтқанды кім жаман көрсін? Оған елімізде мүмкіндік те жоқ емес. Бірақ түрлі себептермен өмір жолы мен тұрмыс қамын дұрыс жоспарлай алмағандар, түбі қажығаннан мұсалдат күй, масыл пиғылға бой алдырады. Осылайша олар мемлекет көмек көрсетуге міндетті деген қате ұғымға ұрынып, өз өміріндегі сәтсіздіктерін өзгеден көріп, өздеріне назар аударту үшін көшеге наразылық акциясына шығып, қоғамда резонанс тудырып жатады. Бір өкініштісі, оларға от беріп, қолдау көрсетіп саяси ұпай жинауға немесе еліміздегі тұрақтылықты шайқалтуды мақсат ететін қоғам өкілдері де жоқ емес. Осынау өмірлік түрлі жағдайлар кейбір ортада әлеуметтік әділетсіздіктің мәні ретінде бұрыс бағаланып жүр. Бұған Президенттің өзі де сан мәрте назар аудартып келеді. Осы мәселені ол таяуда Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда да еске салған болатын.

«Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұндай қоғамдық құбылыстың өзіндік себебі де бар. Өйткені мемлекеттің реттеушілік функциясын жүзеге асырып, әртүрлі проблемаларға дер уақытында ден қойып, басталған деңгейде-ақ шешудің орнына, жергілікті атқарушы билік пен депутаттар тек көшеге ұран көтеріп шыққандарға ғана мән беретін болған. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Бұл – түбірімен дұрыс емес көзқарас. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. Президент осы ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек деп тапсырды. Бұл ретте халық арасында түсіндіру жұмыстары кемшін екені бірден көзге ұрады. Өйткені міндетсініп көшеге шыққандармен жұмыс алаңда емес, оған дейін үстел басында кездесулер мен қабылдаулар барысында түсіндіру және шешім қабылдаулар арқылы шешілуі керек.

Масылдық пен мұқтаждықты шатастыруға болмайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі», – деп пікір білдірген. Халықтың «Үкімет тарапынан көмек болса, мемлекет қолдаса» деген есеп үмітпен, есек дәмемен өмір сүруі – социалистік мемлекет қалыптастырған қағидалардан қалған дерт. «Патернализм» деген сөз «әкелік» деген мағына береді. КСРО – бес жылдық жоспар арқылы экономикасын дамытуды көздеген, халықтың санасына патернализмді сіңіріп тастаған одақ.

Яғни, халықты «әкелік қамқорлыққа алу» принциптерін ұстанып, социалистік өндіріс қалыптастыруды басты мақсат тұтқан. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста бұл қағидалар қирады. Қоғамға жаңа түсініктер келді. Еліміз дамудың дара жолына түскен мемлекет үшін басты бағдар патернализм емес, прагматизм болу керек екенін түсінді. «Прагматизм» гректің «прагма» деген сөзінен шыққан, «іс», «әрекет» деген мағынаны білдіреді. Мемлекет прагматизм арқылы дамыса – халық болашақты бағдарлау арқылы ысырапшылдыққа жол бермеу, өткенді бажайлау арқылы ертеңге қадам басу секілді нәрселерді меңгереді. Ойшылдар мен философтар зерделеген «идеалды мемлекет» – әрбір азаматы адал еңбек етуге талпынатын, ата заңы азаматтың құқығын қатаң қорғайтын мемлекет. Бұл – адам мен билік шынайы серіктес болу керек деген сөз. Билігі адамды тыңдай білетін, халығы билігіне сенетін мемлекет қана әлеуметтік прогреске жетеді, жаңғырудың жаңа соқпағына түседі.

Көп отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасу, мүлікті жасыру секілді алаяқтыққа барды. Билік 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем бергенде халықтың жапа-тармағай жанталасқаны да жадымызда. Жағдайы төмен отбасыларға берілетін азық-түлікке Lexus пен Mercedes мініп келген адамдар да есте. Шын мұқтаж жанның асын тартып алу – арсыздық. Қоғамда аз ғана шуағы түсіп тұрған күнді көлегейлегісі келетін адамдардың көп екені өкінішті-ақ.