«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір»

Отырар ауданының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы саласы. Соның ішінде соңғы жылдары қой шаруашылығы қарқынды дамуда. Бүгінде киелі өлкеде асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып, одан толағай табысқа кенеліп отырған шаруалар аз емес.
Осындай шаруалардың бірі «Сызған» шаруа қожалығы. Нұрсұлтан Есенбайұлы басқаратын аталмыш қожалық аймақтағы асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған. Құрылғанына 10 жылдан асқан шаруа қожалығы асыл тұқымды «Қисары» және «Арашан» тұқымының санын қазіргі таңда 5 000-ға жуықтап отыр. Бұрын асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысқан кәсіпкер бүгінгі таңда мал бордақылау ісін де қолға алған. Бүгінде 700 бас қошқар бордақылап отырған Н.Есенбайұлы алдағы уақытта бордақылау алаңын одан әрі кеңейту бағытынында қызу жұмыстар атқарып жатыр . Себебі, бордақы малға деген сұраныс көп.Қазіргі таңда 1250 га жайылымдық жерді игеріп отырған шаруа 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші — қой майда болғанымен, пайдасы мол. Мұндағы бар мақсатым мал басын көбейту, бордақылау жұмыстарын одан әрі жан-жақты дамыту. Көзін тапқан адамға кәсіп – нәсіп алып келеді, — дейді «Сызған» шаруа қожалығының төрағасы Нұрсұлтан Есенбайұлы.