МАЙДАНТАЛ: АУЫЛ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ, ЖОСПАРЛАР НАҚТЫ
Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округінде ауыл әлеуетін толық іске асыруға бағытталған нақты бастамалар мен жаңа жобалар таныстырылды. Аталған шара ауыл тұрғындарының қатысуымен ашық форматта өтті, оның барысында тұрғындар өзекті мәселелерін ашық жеткізіп, ауылдың даму бағытындағы маңызды ұсыныстарын ортаға салды.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиын барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, даму перспективалары мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Кездесуде Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы кезең бойынша атқарылған жұмыстар мен іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндама жасады.
Есептік кезеңдегі негізгі көрсеткіштер:
-
34,7 млн теңге көлеміндегі бюджет қаржысы игерілді;
-
Салық және жер сатылымынан 7,2 млн теңге көлемінде түсім түсті;
-
1606 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді;
-
24 мыңнан астам мал басы тіркелді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласына 216 млн теңге инвестиция тартылып, ауылда жаңа балабақша мен 400 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы басталды.
Инфрақұрылымды дамыту – басты назарда. Ауыл округіне қарасты Егізқара, Ынталы және Қаражон елді мекендерінде:
-
Жол жөндеу,
-
Ауыз су жүйесін жақсарту,
-
Электр желісін тарту,
-
Саябақ пен спорт кешенін салу жұмыстары қолға алынған.
2025–2026 жылдары:
-
Балалар ойын алаңдарын орнату,
-
Жаңа аялдамалар салу,
-
Ауыл кіреберісіндегі арканы қайта жаңғырту сияқты жұмыстар жоспарға енгізілген.
Тұрғындардың ұсынысы – басымдық берілетін бағыт. Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелерді көтеріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда:
-
Мектеп пен денсаулық сақтау нысандарын жаңарту,
-
Жұмыссыздықты азайту,
-
Ауыл шаруашылығын қолдау,
-
Жастарға арналған жобаларды іске асыру.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл тұрғындарының ұсыныстарын мұқият тыңдап, әрбір мәселе жоспарлы түрде кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
«Майдантал – экономикалық әлеуеті жоғары округтердің бірі. Біз ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға басымдық береміз. Әрбір бастама – нақты нәтижеге бағытталуы тиіс», – деді аудан басшысы.