МАҚТААРАЛДАН БАУЫРЛАС ТҮРКИЯ ЕЛІНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданынан бауырлас Түркия еліне 2 лекпен 6 тоннаға жуық гуманитарлық көмек және 3 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек жіберілді.

Түркияда болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында аудан орталығы Мырзакент кентінде орналасқан аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ғимаратында арнайы штаб құрылған болатын.

«Түрік ағайындардың басына түскен трагедия мақтааралдықтарға да өте ауыр тиді. Сондықтан, ауданда гуманитарлық көмек жинауға тұрғындар белсене атсалысты» — деді, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Сүндет Кенжебаев.

Штаб мүшелері аудандағы қайырымдылық қорларымен және еріктілермен жүйелі жұмыс жүргізіп, 6 тоннғаға жуық гуманитарлық көмек жинады. Көмектің алғашқы партиясы 1 апта бұрын жіберілген болатын. Сонымен қатар, аудан әкімінің бастамасымен мемлекеттік қызметшілер 1 күндік жалақысын көмек ретінде аударды.

Айта кетейік, гуманитарлық көмектің ішінде көрпелер, ұйықтауға арналған қаптар, термостар, қол шамдары, балаларға арналған жөргектер, гигиена құралдары және қысқы киім-кешектер мен аяқкиімдер бар.