МАҚТААРАЛДА «ЖАСТАР — БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ НЕГІЗІ» АТТЫ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Жастарлың потенциалын туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге бағыттауымыз керек. Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-жақты сезінуі керек.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңды құрметтеп, жастарымыз мәдениетті жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды. Осы орайда, келешек ұрпаққа дұрыс жол көрсету, балалар біздің болашағымыз болғандықтан жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың орын алуларына жол бермеу, сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу мен жолын кесу, ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ және аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен Мырзакент кентіндегі «Мақтаарал» мәдениет үйінде аудан жастарының қатысуында «ЖАСТАР — БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ НЕГІЗІ» атты жастар форумы өтті,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Форумға аудандық полиция бөлімінен, аудандық жастар орталығынан, «Мырзакент» аудандық ауруханасынан арнайы өкілдер және ауданымыздың бас имамы мен психолог мамандар, ұстаздар мен оқушылар, жастар қатысты.
Аталған форумда Мақтаарал АПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қасымхан Сатыбалдиев «Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты орын алатын қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар, кәмелетке толмағандар және жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, болдырмау сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің жолын кесу бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар, психологтар ерте жүктіліктің қауіп-қатерлері жөнінде жастарға пайдалы ақпараттар берсе, ауданның бас имамы қылмыс пен құқықбұзушылық, ерте жүктіліктің діни тұрғыдан да дұрыс еместігін түсіндірді.
Аудандық жастар орталығының директоры Сүндет Кенжебаевтың төрағалығымен өткен жиында жастар өздерінің көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар берілді.