Мүмкіндігі шектеулі балалар айрықша көңіл бөлуді қажет етеді
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Сарыағаш мүгедек балаларды оңалту орталығы» КММ орталығының еңбек нұсқаушысы Азимбаева Айгүл қызмет алушы балаларға арналған «Гүлдерді баптау» тақырыптық сабағын өткізді. Сабақ қызмет алушы балаларға дала гүлдері мен бөлме гүлдері мен оны күтудің ережелерімен таныстыру мақсатында өткізілген. Нәтижесінде балалар гүлдердің құрылысын білу, гүлдердің отырғызылуын, тәжірибе жасау, өсуін бақылаумен айналысты. Одан бөлек, ссте сақтау, қиялын, ойлау қабілеттерін дамытты. Сонымен қатар, бөлме гүлдеріне қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу, әдептілікке, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында тиісті ақпараттар берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан-ды. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз.
Елімізде түрлі сырқатқа шалдығудың кесірінен мүмкіндігі шектелген балалардың саны 90 мыңға жақындайды. Дәлірек айтсақ, 85-87 мың аралығында. Өкінішке қарай, соңғы бес жылда олардың саны өсіп бара жатқаны байқалады. Бірақ сол балаларды оңалтуға арналған орталықтар көп емес. Қазақстанда балаларды оңалтуға арналған 152 орталық болса, оның 19-ы ғана Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне кіреді. Білім және ғылым министрлігінің қызмет аясына кіретін орталықтар саны 12 болса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйесінде 24 орталық бар. Жекеменшік оңалту орталықтарының саны – 97. Бұдан бөлек көппрофилді клиникалардың жанынан ашылған 10 оңалту бөлімшелері бар.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында Сарыағаш ауданының Қапланбек ауылында ерте мүгедектіктің алдын алу мақсатында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған болатын Маңызды нысанның ашылу салтанатына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан Байдуалиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан тұрғындары мен қоғам белсенділері, ардагерлер қатысты.
– Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында «Қамқорлық» орталығы ашылып жатыр. Түркістан облысы бойынша балаларға 4 облыстық реабилитациялық орталық, оның екеуі «Қамқорлық» оңалту орталығы қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 10 576 бала мүгедектер есебінде тұр. Олардың 6 мыңға жуығы жүйке ауруларымен науқастанады. Биыл 13 252 бала оңалту емін алды. Сарыағаш ауданында осы оңалту орталығының ашылуы Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт және Келес аудандарының 3 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балаларын оңалту шараларымен қамтиды. Оңалту орталығының ашылуы – маңызды қадам, ол мүмкіндігі шектеулі баланың әлеуметтік және ақыл, дене жағынан дамып жетілуін қалыптастырады, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев қор арқылы Түркістан облысында 18 қайырымдылық жобасы жүзеге асып жатқанын айтты. Түркістан өңірінің аса ауыр дертке шалдыққан 39 тұрғынына 1,9 млрд. теңгеге қымбат дәрі-дәрмектер әперілген. Сонымен бірге, қор арқылы облыстағы медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар мен құрылғылар әперу ісі де қолға алынған.
Маңызды орталықтың ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, еңбекті қорғау және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық қоры» корпоративті қорының директоры Арайлым Еркінова да қатысты. Қатысушылар ерте араласу бөлімшесі мен оңалту орталығын аралап көрді.
Өңірде Тұңғыш Президент – Елбасы қорының «Қамқорлық» бастамасы бойынша 2-ші кезеңдегі «Ерте араласу оңалту» орталығы 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Оңалтуға 2 айлық баладан бастап 5 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Сарыағаш орталық аудандық ауруханасы» МКМ базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығын ашу қолға алынған болатын. Облыс әкімдігі тарапынан орталыққа ғимарат бөлініп, бірыңғай тұжырымдамаға сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаның серіктестері – «Қазақстан халқына» ҚҚ және «Samruk-Kazyna Trust» ҚҚ жалпы құны 124,6 млн. теңгеге түрлі жабдықтар мен жиһаздар және тұрмыстық техника тарту етті.
Ерте араласу орталығы аудандық аурухананың базасында орналасқан. Орталық жыл сайын нейро-ортопедиялық ауруы және олардың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі 600 баланы қабылдайды. Балалар мұнда тегін оңалту көмегін алады. Сонымен қатар диагностикалық аудиологиялық тексеруден өту мүмкіндігі де бар.
Мұнда әр бала 21 күн оңалтудан өтеді. Олар невролог, реабилитолог, неонатолог, физиотерапевт, емдік дене шынықтыру дәрігері, сонымен қатар логопед пен дефектологтың қарауында болады. Емдік жаттығу залы мен механотерапияға алынған құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосылды.
Атап айтсақ, иппотерапияға арналған S-rider Sky тренажер, «Атлант» нейро-ортопедиялық пневмокостюмы «Мультистенедер Дженкс» тренажеры, жүруге арналған тренажер, аяқ-қолға арналған тренажер, позициялық жүйе, Монтессори тренажерының дамытатын жиынтығы, жүруге арналған платформа, ойнату терапиясына арналған жиынтық бар.
Орталықтың мақсаты – нейро-ортопедиялық сырқаты бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету. Бес жасқа дейінгі балаларға ерте оңалту жұмыстары басталды. Жылдық жоспар бойынша тәулік бойы 340 науқас, күндізгі стационар бойынша 1420 науқас қабылдауға дайын. Жалпы жылына 1760 мүмкіндігі шектеулі балаға медициналық қызмет көрсету жоспарланып отыр.