М.ӘЙТЕНОВ: ӨЗДІГІНЕН ЕМ ҚАБЫЛДАУ ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАУІПТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен коронавирус инфекциясына қарсы қалалық штабтың отырысы өтті.
Штаб отырысында қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндаған денсаулық сақтау басқармасының басшысы жыл басынан бері мегаполисте 21 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын ал, 1034 азамат пневмониямен тіркелгенін атап өтті.
Эпидахуалдың барысымен танысқан қала әкімі індет шарықтау шегіне жақындап қалғандығына назар аударды. Вакцина салдырмаған жағдайда бұл көрсеткіш бұдан да ауыр болуы мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, қалада екпе салатын 45 бекет болса, 1-ші компонентпен 378 827 адам, 2 – ші компонентпен 294 352 адам егілген.
Қала басшысы эпиахуалды жақсарту үшін КТ, рентген аппараттарының қажет болған жағдайда, тәулік бойы жұмыс жасауын қамтамасыз етуді, науқастарды стационарға қабылдау уақытың 15 минуттан аспауын қадағалу керектігін атап өтті.
М.Әйтенов бекітілген протокол аясында емделудің маңыздылығына тоқталып, өздігінен ем қабылдау үрдісін сынға алды. Сонымен бірге мобильді топтардың жұмысын күшейтіп, науқастарға ем бойынша сауатты ақпарат беруді және қайтыс болғандарға қатысты арнайы комиссия құрып, талдау-анықтау жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді.
Жиын соңында қаладағы барлық бас дәрігерлер мен медициналық ұйым жетекшілеріне белгіленген алгоритм бойынша жедел іс-қимыл жасау жұмыстарын тиімді ұйымдастыруды міндеттеді.