М.ӘЙТЕНОВ: НАРЫҚТА БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЖӘНЕ ЭКСПОРТҚА БАҒЫТТАЛҒАН ӨНІМДЕР ӨНДІРІСІН ҰЛҒАЙТУ ҚАЖЕТ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбековті қабылдап, алты айда атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.
Басқарма басшысы өз баяндамасында Шымкент қаласында 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 17,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3095 млн. теңгеге артқанын айтты. Нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрағанын жеткізді.
«Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 70 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,5 млн. АҚШ долларына артқан. Нақты көлем индексі 126 пайызды құрап отыр. Өткен жылдың осы кезеңінде 55,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған болатын»,-деді А.Қаныбеков.
Биылғы жылы 29,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақыл 12,9 мың гектарға, майлы дақыл 3,8 мың га, мал азығы 8,9 мың га, көкөніс пен бақша 3 мың га, картоп 0,7 мың гектарға егілген екен. Нәтижесінде 11,2 мың тонна дәнді дақыл, 0,8 мың тонна майлы дақыл, 33,2 мың тонна көкөніс, 3,1 мың тонна картоп, 12 мың тонна мал азықтық дақылдар яғни барлығы 60,3 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған.
Өз кезінде қала әкімі нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту қажет екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруда қалада құрылып жатқан екі бірдей агро-индустриалды аймақты пайдалануды айтты.
Айта кетейік, оны бірі – заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені болса, екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы.
Есепті жиын соңында Мұрат Әйтенов ауыл шаруашылығы саласына берілетін қолдауларды тиімді пайдалана отырып, қызушылық танытқан шаруалардың жобаларын жүзеге асыруда белсенділік танытуды тапсырды.