Мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуы жайында
Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуы жайында мәліметтерді ұсынамыз. Жұмыс берушілердің келісіміне сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнынан квота беріледі. Квота – жұмыс орнының санына қарай 2%-дан — 4%-ға дейінгі мөлшерде жергілікті атқарушы органдар көмегімен беріледі. І және ІІ топтағы мүгедектерге квота берілмейді. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға ІІІ топтағы мүгедектерді жұмысқа алу тиімдірек, себебі олар көп аспектіде еңбек етуге жарамды.
Осы ретте Түркістан облысында 2024 жылы «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» жүзеге асыруға 98,1 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланды. 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдаймен нақты 46 135 адам жұмыспен қамтуға жолданды, оның ішінде 2 169-ы мүгедектігі бар адамдар немесе 4,7% құрайды. Тұрақты жұмыс орындарына 15 824 азаматтар жұмысқа жолданып, оның 454-і мүгедектігі бар адамдар немесе 2,9% құрады. Субсидияланатын жұмыс орындарына 23 475 азаматтар жолданып, оның 995-і мүгедектігі бар адамдар немесе 4,1 пайызын құрады. «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерге оқуға 4 274 адам оқуға жолданды. Грант 893 адамға беріліп, оның ішінде 148 адам немесе 16,6% мүгедектігі бар адамды құрады. Жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде мүгедектігі бар азаматтар үшін 276 жұмыс орындарына квота белгіленіп, нақты 60 адам квота бойынша жұмысқа орналасты.
Бүгінгі таңда осы санаттағы адамдарды жұмыспен қамту практикасы жұмыспен қамту органдары арқылы бос орындарға жұмысқа орналастыру бойынша делдалдық қызметтер көрсетуді, жұмыс орындарын квоталауды, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құруды, еңбек нарығында талап етілетін дағдылар бойынша қысқа мерзімді оқытуды, қайтарымсыз гранттар беруді, жастарға шағын кредит беруді, сондай-ақ субсидияланған жұмыс орындарына жолдама алуды қамтиды. Бұдан басқа, еңбек ресурстарын дамытуда бүкіл халыққа арналған оқытудың цифрлық нысандарына баса назар аударылды. Бүгінгі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды онлайн режимде Қысқа мерзімді оқытудың бірыңғай порталы жұмыс істейді.
Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуі туралы мәліметтерді және мемлекетімізде бекітілген заң ережелерін ұсынамыз. Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау жөніндегі шараларды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр (жұмыс берушілердің оларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін күшейтіп, заңнамалық нормаларды орындау міндеттілігін бекіту, сондай-ақ квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің өтемақы жарналарын төлеу туралы нормалар енгізу көзделеді). Мүгедектігі бар адамдардың белсенді еңбек қызметін арттыру үшін қосымша шаралар Қазақстандағы 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы шеңберінде көзделеді.
Мехникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында ЕБҚ бар балалар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі енгізілді. Бұл ретте жылына бір білім алушыға білім беру процесінің шығыстар нормасы екі есеге ұлғайтылды.
I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде мынадай жеңілдіктер көзделген:білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы;мемлекеттік гранттарды бюджеттік қаржыландыру арқылы тегін мемлекеттік білім алуға арналған конкурсқа қатысқан кезде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың, бала кезінен мүгедектігі бар адамдардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілмеген мүгедектігі бар балалардың басым құқығы болады;мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқитын мүгедектігі бар адамдарды стипендиялық қамтамасыз ету бойынша жеңілдіктер.Биыл Оқу-ағарту министрлігі мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау квотасын ұлғайту бөлігінде тиісті құқықтық актілерге өзгерістер енгізеді.
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшісі ретінде олардың туысы белсенді түрде тартылатын болады. Жұмыс істемейтін отбасы мүшелері өз еңбегі үшін ақы алады, ал жұмыс уақыты еңбек өтіліне есептеледі. ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген. Мұндай қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында бірқатар іс-шараны орындау жоспарлануда. Атап айтқанда, қызметтерді проактивті көрсетуге көшуді жүзеге асыру көзделіп отыр. Осы бағыт аясында Қазақстанда мүгедектік тобын сырттай белгілеу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Сондай-ақ Әлеуметтік қызметтер порталын одан әрі жетілдіру жоспарланған. Оның пайдаланушылары әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын, әлеуметтік қызметкерлерді және техникалық оңалту құралдарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, интернат-үйлерді бөлу бойынша жұмыстар жүргізу қарастырылуда. Бұл, әсіресе ауылда арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған шағын жинақты ұйымдар ашқан жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырысты кеңейту арқылы жасалмақ. Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртудың маңызды тармағы мүгедектігі бар адамдардың жұмыссыз отбасы мүшелерін жеке көмекші ретінде тарту болып саналады.
Олар өз еңбегі үшін әлеуметтік аударымдары бар ақы алады, ал жұмыс кезеңі зейнетақы тағайындау кезіндегі еңбек өтіліне есептеледі. Әлеуетті жеке көмекшілерге қойылатын негізгі талап – олардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін тиісті дағдысының, іскерлігі мен біліктілігінің болуы. Еңбек министрлігі берген ақпаратқа сай, арнайы қызмет көрсету жүйесін жаңғырту бойынша жоспарланған барлық іс-шараны орындауға республикалық бюджеттен шамамен 37 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Естеріңізге сала кетейік, жеке көмекші – жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды сүйемелдеу және үй-жайларға барған кезде әлеуметтік көмек қызметін көрсететін тұлға. Жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсетуге медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып әзірлейтін, оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Электрондық egov.kz үкімет порталында бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшісінің қызметімен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеуге болады.