Мүгедектігі бар адамдар ретінде кім танылады?
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар ретінде кім танылады?
Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар ретінде кім танылады?
Келесі азаматтар:
- Бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілер.
- Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары.
- Басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілер.
- 1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар.
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар ретінде танылады.
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адам және жеңілдіктер бойынша оған теңестірілген адам мәртебесін алуға қажетті құжаттар.
Ардагерлердің мәртебесi «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады және Ұлы Отан соғысы жылдарында, бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша ұрыс операциялары кезiнде, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдары кезінде майдандағы армияға, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысуды, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысуды растайтын анықтамалардың, әскери билеттердiң және өзге де құжаттардың, жаралану, мүгедектiк туралы анықтамалардың, сот-медициналық қорытындылардың негiзiнде белгіленеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне осы құжаттардың негiзiнде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң органдары Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлiгiн бередi. Қалған ардагерлерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақылар) алушы куәлігіне белгi қойылады.
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар және жеңілдіктер бойынша соларға теңестірілген адамдар арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылары болып табылады.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау үшін келесі құжаттар қажет:
- Өтініш;
- Жеке басын куәландыратын құжат, не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін).
- Арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны алу құқығын растайтын құжаттар.