ҰЛТТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ
Шардарада рухани-мәдени мазмұны терең аудандық форум өтті
Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында ерекше бір рухани оқиға өтті. «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлттың ұйытқысы – Қазақ аналары» атты аудандық форум – халқымыздың бай рухани қазынасын ұлықтап, ана мәртебесін асқақтатқан тағылымды шара болды.
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ – АНА
Іс-шара «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, аналарға деген құрметті дәлелдейтін мазмұнды көріністермен жалғасты. Бұдан кейін ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртқан «Ұлттық киім – ұлттың бейнесі» атты ұлттық киімдер шеруі өтіп, шынайы ұлттық рухты сезінуге мүмкіндік берді.
ҚҰРАҚ КӨРПЕ – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҮЛГІСІ
Форум аясында Абай алаңында өткен «Құрақ өрнектері – 60» атты көрме де көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Бұл көрме – Шардара ауданының 60 жылдығына орайластырылып, «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қолөнер шеберлері әзірлеген алпыс метрлік құрақ көрпемен ерекшеленді. Құрақ көрпе – ата-бабадан қалған өнердің бүгінгі ұрпаққа аманаты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
МАЗМҰНДЫ БАСҚОСУ – ҰЛЫҚ МАҚСАТҚА ҚЫЗМЕТ
Форумның ресми бөлігі Шардара аудандық мәдениет сарайында өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Тасболатұлы Туребеков, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Ботакөз Тағайқызы Мошқалова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Інәйұлы Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің теологы Асылханқажы Қасымұлы Данияров, сондай-ақ белсенді аналар, әлеуметтік сала, білім мен мәдениет қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Форум барысында аудандық филиал төрайымы Бибігүл Тасқұлқызы Көшекеева баяндама жасап, бірлестіктің мақсаты мен жетістіктерін баяндады. Ол ұлттық салт-дәстүр мен ана тәрбиесінің қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
ҚҰТТЫҚТАУ, МАРАПАТ, ҚҰРМЕТ
Форумда құттықтау сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Туребеков ұлттық құндылықтарды насихаттауда үлес қосып жүрген аналарға аудан әкімінің алғыс хаттарын табыс етті. Сонымен қатар форум аясында ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, теолог А.Данияров, «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Ж.Муталиева жүрекжарды тілектерін жеткізіп, ұлттық рухты дәріптеген кешке оң бағасын берді.
Ботакөз Мошқалова да форумда мазмұнды баяндама жасап, белсенді аналар мен қоғам қайраткерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ БІР БЕЛГІСІ
Іс-шара шеңберінде өткен «Ақмарал Дауылбай» сән үйінің ұйымдастыруымен өткен ұлттық киімдер сән көрсетілімі ерекше көрініске айналды. Қазақтың дәстүрлі көйлектері мен ою-өрнекпен көмкерілген камзолдары, сәукеле мен тақия секілді ұлттық бас киімдер – көрермендерден зор қошеметке ие болды.
РУХАНИ КӨТЕРІҢКІ КЕШ
Кеш соңында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары дайындаған мерекелік концерт форумға қатысушылардың көңілін көтеріп, рухани қуат сыйлады. Ана туралы әндер мен ұлттық өнер туындылары сахна төрінен шырқалып, аналарға деген ризашылықтың көркем көрінісіне айналды.
ҚОРЫТЫНДЫ
«Ұлттың ұйытқысы – Қазақ аналары» форумы – бүгінгі қазақ қоғамындағы ананың орны мен рөлін ұлықтаған, ұлттың тамырынан нәр алатын дәстүр мен тәлімді ұрпақ тәрбиесіне негізделген мазмұнды шара болды.
Бұл жиын – қазақ аналарының тек ошақ қасы емес, қоғамның рухани тірегі екенін дәлелдеген тағылымды басқосу. Форум аясында көтерілген рух, көрсетілген өнеге – Шардара халқының мәдениеті мен салт-дәстүрге деген құрметінің жарқын үлгісі.