Әлихан Смайылов қайта премьер-министр болып тағайындалды
Жаңадан құрылатын үкіметті 50 жастағы Әлихан Смайылов басқарады.
29 наурызда президент парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынатынын, жауапкершілік те сол партияға жүктелетінін мәлімдеген болатын. Amanat партиясы көп ойланған жоқ. Бүгін мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов Тоқаевтың қабылдауында болды. Аманаттықтар үкімет басшысы лауазымына Әлихан Смайыловты лайық көрген.
Осыдан кейін мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мәжілістегі партиялардың басқа фракцияларымен талқылады. Парламенттің төменгі палата депутаттары Смайыловтың кандидатурасын қолдап дауыс берді.
Айта кетері, Әлихан Смайылов министрлер кабинетін былтырдан бері басқарып келеді.
Еске салсақ, кеше президент жарлығымен үкіметтің өкілеттігі тоқтатылды. Министрлер кабинеті үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқара береді.
Конституцияның 70-бабы 1-тармағы мен «Қазақстан үкіметі туралы» конституциялық заңының 4-бабы бойынша жаңадан сайланған парламент мәжілісінің алдында үкіметтің өкілеттігі доғарылады.
Смайыловтың өмірбаяны
Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы Алматыда дүниеге келген.
1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдайды. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алады.
Әр жылдары қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» Ұлттық холдинг президенті, статистика агенттігінің төрағасы, Қазақстан президентінің көмекшісі, қаржы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
2022 жылы қаңтарда премьер-министр қызметіне тағайындалды.
дереккөз: Sputnik Қазақстан