Әлеуметтік желі жөн сілтейтін жол емес

Қазақ халқының аса көрнекті ағартушы-ғалымы, көркем сөздің ұстасы Ыбырай Алтынсарин: «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп армандап кеткен мұратына қазіргі ұрпақ жетіп отыр. Алайда, кез келген нәрсенің күнгейі мен көлеңкелі жағы болатыны іспетті, ғаламтордың да жетістігі мен зияны болады. Ғаламтор жетістігін және қолжетімділігін кейбір теріс ниетті ағымдар өз мақсаттарына жету жолында пайдаланып келеді.

Соңғы жылдары елімізде діни экстремизмді, халықтар арасында алауыздықты тудыруда интернеттің айтарлықтай ықпалы өсті. Яғни әлеуметтік желілерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды өршіту белең алуда. Бір өкініштісі, әлеуметтік желіге кірген ел тұрғындары өздерінің саяси, діни сауатының аздығынан желіде мақсатты түрде жат идеологиялы ақпараттар таратып немесе халықты әдейі арандатып отырған адамдарды қолдап, қолпаштап, «лайк» басып, астына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» пікір жазып, теріс қоғамдық пікір тудыруға үлес қосып келеді. Ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жат идеологияның таралуына және бүгінгі қазақтың қырықпышақ болып әлеуметтік желіде дауласуына интернеттің ықпалы зор.
Қазіргі жастар мен балалар ғаламтордың басты пайдаланушылары екені жасырын емес. Күн сайын мыңдаған ақпарат алып, мыңдаған жаңалық тыңдайды. Кез-келген сауалдың жауабын бір минутта іздеп тауып алады. Ал сол сауалдың шынайылығын зерделемейді. Яғни, ақпарат фильтрі жоқ. Бала санасы оны жасырын қарап, түрлі ойға жүгінуі мүмкін. Дін мәселесіне қатысты сауалдарды да интернеттен іздеп, түрлі әлеуметтік желілердегі теріс уағыздарды тыңдап, санасын улай бастайды. Жат ағымдар туралы айтқанда, ең алдымен жастар мәселесі қатар айтылады. Себебі, деструктивті діни ағымды таратушылар алдымен жастарды жандарына жиюға тырысады. Олардың сенгіш, ақпараттарды талдай білмейтінін жақсы біледі. Деструктивті ағымдардың ақпаратын тыңдап, кейін өзі де экстремистік топқа қалай мүше болғанын байқамай да қалады.
Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73%-ы қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Қоғамда радикалды діни идеялар туралы жүйелі және жоспарлы түрде ақпарат тарату жүзеге асып келеді. Бұл әрекеттер әсіресе жастарға бағытталғаны жасырын емес. Себебі, жастардың психологиясы мен иммунитеті қарсылықты тұрғыда әлсіз. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе қаласында жастардан құралған діни экстремистер тарапынан лаңкестік әрекеттің жасалуына себеп болған факторлардың бірі – ғаламтор арқылы шетелдік «псевдоуағызшының» елге қару көтеру туралы берген жалған пәтуасы болатын. Сондай-ақ, сол лаңкестік әрекетке қатысқан экстремистің бірі оқиғадан кейінгі сұхбатында: «Мен діни білімді тек қана виртуалды желіден алдым. «YouTube» желісінде көптеген шейхтардың уағыздарын тыңдаған кезде шынымен де олар рас айтып отыр ма, әлде жоқ па деп бір сәт те ойланған жоқпын… Кешір мені, анашым!», – деп өкінеді. Міне, осы сынды жағдаяттар ғаламтордағы арбаушы вирустардан сақтану маңыздылыққа ие екенін көрсетеді. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, әлеуметтік парақшалар, блогплатформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптің туындауына септігін тигізуде. Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда. Ұлы немесе қызы дінге бет бұрса, балам имандылыққа бет бұрды деп қуанады. Шын мәнісінде, ол қандай дін ұстанғанын ұқпайды. Сол үшін әрбір ата-ана өз баласының өзінің және мемлекеттің болашағы екеніне баса мән беру керек. Тәрбиесімен жіті айналысып, оның озық ойлы азамат болып қалыптасуын қатаң бақылауға алғаны жөн. Деструктивті ағымдар әке-шешенің бұл қателігін мүлт жібермей, өз мақсаттарына пайдалануы әбден мүмкін. Қазақстандағы діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарда ағартушылық шараларға үлкен басымдық берілетіндігін айта кету керек. Елімізде тұрғындардың дәстүрлі дін түсінігіне негізделген сауатын арттыру және діни сипаттағы радикалдық идеяларды әшкерелеу мақсатында ағартушылық интернет-порталдар мен зайырлы және діни мазмұндағы көптеген интернет-ресурстар жұмыс істеуде.

 

Б.ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ