Әлеуметтік көмектер тек шынайы мұқтаж жандарға арналған

Түркістан облысының тұрғындарының назарына патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендету жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаймыз. Масылдық – қарапайым тілмен айтқанда жатып ішер, ештеңеге икемі жоқ, тіршілікке бейімсіз, еңбекке құлқы жоқ адам. Осынау аталып отырған масылдық түсінік жанұя түгілі, барша адамзат қоғамына ғасырлар бойы өзіндік залалын тиігізіп келе жатқан қауіпті дерт. Оның астарына үңіліп зер салып байқасақ, бұл дегеніңіз қоғам мен өмірлік жағдайлардың әсерінен пайда болған жат қылықтың бірі. Рухани сананың төмендігі мен жеңіл күнкөріске деген әрекеттердің кесірінен туындайтын хал-ахуал. Яғни, біреудің есебінен ғұмыр кешіп, тіршілікте кездесіп жататын қиыншылықтарға төзімсіздік танытып, басқа біреудің есебінен күн көру. Мәселен, аяқ-қолы балғадай жастардың кәрі әке-шешесінің мардымсыз зейнетақысына таласып-тармасып күн кешуін айтпасқа болмас.

Сондай-ақ, «масылдық пен мұқтаждықты» да ажырата білгеніміз жөн. Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер тек шынайы мұқтаж жандарға ғана арналған. Біздің қоғамда ондай жандардың бар екендігі де рас. Ал ақыл-есі дұрыс, аяқ-қолы сау адам адал еңбегімен өмір сүруі керек. Адал еңбек қай уақытта болса да кез-келген адамның көңіл-күйін көтеріп, өзін бақытты сезінуге ықпал етеді. Олар үшін біздің елде бар мүмкіндік қарастырылған. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «…Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заң мен қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырады. Ал мұқтаж жандар, өкінішке орай әлеуметтік шаралардан тыс қалып жатыр» дегенді де тайға таңба басқандай өз кезегінде атап өтті.

Оның себебі де жоқ емес, мысалы, жағдайы төмен отбасыларға бөлінген жәрдемақыны орта жолдан пайдаланғысы келген жандарды да «масыл» демеске шара жоқ. Айтса айтқандай-ақ, ондай жағдайлардың орын алғанындығы көңілге кірбің ұялатады. Мәселен, әл-ауқаты жоғары қызметтегі адамдардың жақын туыстары, алыс-жақын жамағайындары аталмыш әлеуметтік көмектерді алып, шын көмекке зәру мұқтаж жандардың сол мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама арқылы берілетін көмектер мен жәрдемақыларға қол жеткізе алмай жүретінін ел арасынан естіп те жүрміз.

Енді алдағы уақытта мұндай заңбұзушылыққа жол беруге болмайды. Қай жерде, қандай мекемеде болмасын осындай заңсыз әрекеттерді көрсеңіздер, байқсаңыздар бірден құзырлы органдарға хабар беріңіздер. Үкімет есебінен бөлінген мұқтаж жандардың несібесіне қол сұққан ондай арсыздар заң алдында жауап беруі тиіс.