КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛАДЫ

Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) табиғи ошақтары орналасқан, бұл аумақта аурудың таралуына жағдай жасайтын бірнеше факторлар бар. Қалада қазіргі уақытта КҚГҚ ауруына күдікті жағдайлар тіркелмегенімен, өткен 2024 жылы 2 расталған жағдай орын алған болатын. КҚГҚ ауруы иксодты кенелер арқылы жұғады, сондықтан кене шағу жағдайлары медициналық бақылауда болуы керек. Жыл басынан бері кене шағу дерегімен медициналық көмекке 12 адам жүгінген, бұл 2024 жылдың осы уақытындағы көрсеткішпен салыстырғанда 2 жағдайға төмен.

Кенелердің табиғатта жаппай шығуы әдетте наурыз-сәуір айларында басталып, олар жылы қанды жануарларға шабуыл жасап, адамдарға зиян келтіруі мүмкін. Бұл жағдайды ескере отырып, санитарлық қорғау аймағын құру мақсатында қаладағы 11 қолайсыз елді мекенде (Алтын-төбе, Қайнарбұлақ, Игілік, Сауле м/а, Текесу м/а, Тассай т.а., Бадам-1 е/м, Қазығұрт м/а, Ақтас-1 е/м, Ақжар м/а, Айкөл е/м) кене залалсыздандыру жұмыстары екі рет жүргізілетін болады.