КІТАПХАНА ӘЛЕМІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының кітапхана үдерістерін автоматтандыру секторының бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі маманы Шаймерденова Ақмарал Жамалқызы – өз ісіне адал, жауапкершілігі мол, жоғары білікті маман. Ол өз қызметінде жаңашылдыққа ұмтылып, еңбекқорлығы мен кәсібилігі арқылы ерекшеленеді.
1973 жылы 2 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келген Ақмарал Жамалқызы №26 қазақ орта мектебін тәмамдап, Шымкент агро-техникалық колледжінде бухгалтер-экономист мамандығын меңгерді. 2005 жылы Шымкент облыстық жасөспірімдер кітапханасында оператор қызметінен бастаған ол 2011 жылдан бері кітапхана үдерістерін автоматтандыру бағытында еңбек етуде.

Ақмарал Жамалқызы – кітапхана саласына жаңа технологияларды енгізу мен автоматтандыруда белсенді жұмыс істейтін маман. Оқырмандарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында түрлі жобалармен айналысып, шығармашылық көзқарасымен ерекшеленеді. Ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болуы оған мәдени іс-шараларды сәтті өткізуге мүмкіндік береді.
2019 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдап, кәсіби білімін жетілдірді. Сол жылы оның еңбегі жоғары бағаланып, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы А. Шалхарова тарапынан алғыс хатпен марапатталды.
Жұмысына деген адалдығы, міндеттерін жоғары деңгейде орындауы және ұжыммен жақсы қарым-қатынас орнатуы – Ақмарал Жамалқызының басты қасиеттері. Ол бір баланың анасы ретінде отбасы мен қызметін үйлестіре білген тұлға.
Шаймерденова Ақмарал Жамалқызы – кәсіби шеберлігі мен еңбекқорлығымен өзгелерге үлгі болатын жан. Оның кітапхана саласына қосқан үлесі мен адал қызметі құрметке лайық.