«Кез келген сын имиджге кері әсерін тигізеді»
Мемлекетті өркендету, дамыту бағытындағы ең жауапты іс – мемлекеттік қызметшілерге жүктелетіні мәлім. Мемлекеттік қызмет – азаматтардың мемлекеттік органдар мен оның аппараттарындағы кәсіптік қызметі. Мемлекетіміздің алдында тұрған, жоғары кәсіби мемлекеттік қызмет және басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру ісі көбінесе мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне бағытталған. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында біз ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Өркен Балажановпен тілдескен едік.
– Өркен Байділханұлы, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесінің тарихы туралы, маңызы туралы айтып өтсеңіз?
– Бұл мереке БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары негізінде 2002 жылы қабылданып, халықаралық ұйым мемлекеттерді осы күнді мемлекеттік қызметшілердің кәсіби күні ретінде белгілеуге шақырған. Ал, біздің елімізде бұл мереке 2014 жылдан бастап аталып өтілуде.
Аталған кәсіби мерекенің маңызы елге адал қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің жұмысына серпін, бойларына қуат берумен байланысты деп ойлаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиналысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп екенін, олардың Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүргенін атап көрсетті. Демек, елге адал қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегі елеусіз қалмауы керек. Сондықтан жыл сайын осы мереке қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Қызметте жеткен жетістігі мен ұзақ жылдар бойғы жұмысы үшін мемлекеттік қызметшілер «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталады.
Халқымыздың «Еңбегімен ер сыйлы» деген жақсы сөзі бар, сондықтан тынымсыз еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелері қарсаңында көтермелеп отыру игілікті іс екені сөзсіз.
– Енді осы тұста облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің жай-күйін нақтылап кетсеңіз?
– Жалпы облыста мемлекеттік қызметте тұрақтылық бар. Мемлекеттік қызмет жүйесінен кету өткен үш жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда 2021 жылы мемлекеттік қызметтен кету 33,8 пайызға, яғни 207 адамнан 137 адамға дейін төмендеген. Бұл оң көрсеткіш.
Ал, облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны бүгінгі күнгі мәлімет бойынша – 6148, бос орын 266-ны құрайды. Олардың ішінде 4272-сі ерлер, айелдердің саны – 1610. Өңірдегі 5580 мемлекеттік қызметшінің, яғни 94,9 пайызының жоғары білімі бар. 1204 (20,5%) мемлекеттік қызметші 29 жасқа дейінгі жастар. Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің орташа еңбек өтілі – 10,8 жыл, ал, орташа жас мөлшері 40 жасты құрайды.
– Қоғамда мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлқына, іс-әрекетіне және сөйлеген сөздеріне қатысты сын-пікірлер айтылып тұрады. Осындай сындар мемлекеттік органдардың имиджіне қалай әсер етуі мүмкін?
– Халқымызда «сын түзелмей мін түзелмейді» дейтін нақыл сөз бар. Сондықтан сынның объективті әрі шынайы болғаны дұрыс. Егер мемлекеттік қызметшілер әлдебір әдепке сай емес іс-әрекеті арқылы сынға ұшырап жатса, ондай мінез-құлық барлық мемлекеттік қызметшіге тән деген ұғымды білдірмейді. Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап мемлекет тарапынан да, азаматтар тарапынан да күшейіп отырғанын естен шығармаған абзал.
Кез келген сын имиджге кері әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекеттік органдар өздеріне қатысты сыни мақала немесе әлеуметтік желілер арқылы пікір жарияланғанда оны теріске шығару мен түсініктеме беру тәжірибесін кең қолданғаны дұрыс. Яғни ақпарат ел арасында бұрмаланып тарап кетпеуі үшін сол ақпарат қай мемлекеттік органға қатысты шықса, сол мемлекеттік орган уақыт оздырмай бірден түсініктеме беруі маңызды шара.
– Осы жылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Осы кодекстің ерекше тұстарын атап өтсеңіз.
– Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Әдеп кодексі жаңа редакцияда бекітілді. Кодекс мемлекеттік қызметшілердің – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану туралы әдеп қағидаттарын белгілейді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары айқындалып отыр. Яғни мемлекеттік қызметшілерге азаматтармен, әріптестерімен қарым-қатынаста қарапайым болу, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратпау, мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұруға, лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты кез келген сипаттағы құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және өзге де әдеп талаптары қойылып отыр. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары мен жұмыстағы еңбек тәртібі мәселесінің ара жігінің ашылып отырғанын айтуға болады.
– Департамент жанындағы Әдеп кеңесінің жұмысы туралы айта кетсеңіз. Кеңестің негізгі қызметі қандай?
– Әдеп жөніндегі кеңес агенттіктің алқалы органы болып табылады. Әдеп жөніндегі кеңестің міндеттері мен функциялары ҚР Жарлығымен айқындалған Ережемен бекітілген. Ереже бойынша кеңес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әдеп нормаларын бұзу мен мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды жүргізеді. Одан өзге Ережеде белгіленген мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің санаттары бойынша тәртіптік істерін қарайды.
Кеңестің құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары мен өзге де адамдар мүше бола алады.
– Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің қандай тәртіптік істері (ең көп кездесетін тәртіптік бұзушылықтар) қаралды? Сыбайлас жемқорлық және әдеп нормаларын бұзушылықтарға байланысты қаралған тәртіптік істер жөнінде (арыз-шағымдар) айтып берсеңіз.
– Жыл басынан бүгінгі күнге дейін Әдеп жөніндегі кеңестің 4 отырысы өткізіліп, 10 тәртіптік іс қаралған. Оның ішінде, Әдеп нормаларын бұзу – 6 іс (дөрекілік көрсету, сынға себепкер болу, өзінің міндеттеріне немқұрайлы қарау), мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар – 4 іс (жер мәселесіне қатысты ашық кедергі жасау, артықшылық көрсету бойынша) қаралып, мемлекеттік органдарға тиісті лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы 10 ұсыныс енгізілген.
Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңесте 9 профилактикалық бағытта мәселелер қаралған.
Аталған тәртіптік істерді саралап өтетін болсақ, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігінің төмендігі, құжаттарды зерделеуде немқұрайдылық танытуы, азаматтармен қарым-қатынаста мемлекеттік қызметшілердің Әдеп нормаларын сақтамауы салдарынан орын алған.
Департамент тарапынан аталған тәртіп бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынды, алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда өткен жылдың жартыжылдығымен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактісі азайғаны байқалады. Мысалы, 2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша әдеп нормаларын бұзу фактісімен 16, мемлекеттік қызметке кір келтіру фактісімен 3 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал, осы жылдың алты айында, жоғарыда атап өткендей, 6 мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын бұзу фактісімен жауапқа тартылған. Бұл департамент тарапынан профилактикалық жұмыстарға көп көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.
– Президенттік жастар кадрлық резерві жөнінде айтып өтсеңіз, қазіргі уақытта Түркістан облысында қанша резервтегі мамандар қызмет атқаруда?
– Елімізде мемлекеттік басқару жүйесіне жаңашыл жастарды тарту мақсатында 2019 және 2021 жылдары Президенттік кадр резервіне 350 жас іріктелді.
Кадр резерві арқылы мемлекеттік басқару ісіне жаңа идеясы бар, қазіргі тілмен айтқанда креативті жастарды тарту маңызды. Осы тұста халқымыздың «асыл тастан, ақыл жастан» деген қанатты сөзі еске түседі. Демек, жастардың білімі мен қарым-қабілетін мемлекеттік қызметке пайдаланған орынды. Бұл ретте, жалпы әлемге зер салып қарасақ та адам капиталы жоғары сұранысқа ие екеніне көз жеткізесіз.
Сұхбасттасқан Б.ДАРҒОЖИНА