Кентаулық жастар арасында жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді

Еліміз еңсесін көтеріп, есін жиып, тәуелсіздік алғалы бері жастарды қолдау мақсатында бірқатар ірі жобалар нәтижелі жүзеге асып келеді. Атын атап, түсін түстесек, білім және ғылым саласындағы «Болашақ» бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» және жастарға тікелей қатысы бар басқа да ірі масштабты жобалар жеткілікті. Қазіргі таңдағы жастардың сапалық көрсеткіші, жетістігі – мемлекеттік жастар саясаты нәтижесінің көрінісі. Осыдан тура он бір жыл бұрын 2012 жылдан бастап жастардың ортақ мәселелерін жергілікті, республикалық дәрежеде қолға алу үшін Жастар ресурстық орталықтары құрыла бастады. Бұл – жастардың әлеуметтік әрі тұлғалық дамуына жәрдемдесетін және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым. Оның негізгі міндеттеріне жастарды жұмысқа тұруға дайындау, цифрлық сауаттылығын арттыру, жастар ортасында волонтерлік қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс істеу, жастарға қатысты мәселелерді анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру, жұмыс мәселесіне қатысты жәрмеңкелер, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер, талдамалық жұмыстар жүргізу сынды маңызды бағыттар кіреді. Бүгінде институционалдық жағынан республика бойынша 200-ден аса жастар ресурстық орталығында 3 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді.

Мемлекеттік жастар саясаты Кентау қаласында да нәтижелі іске асып келеді.

Бүгінде Кентау қаласы бойынша 100 мыңға жуық халық бар. Оның 31 пайызын жастар құрайды. Яғни, қалада 35 жасқа дейінгі 32 140 жас өмір сүруде.

Көптеген жастардың қолдауына ие болған қалалық ұйымның бірі – Кентау Жастар ресурстық орталығы. Сұлтан Азат есімді жас жігіт басшылық ететін орталық қай бағытта да белсенділігін жоғалтқан емес. Мәселен, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жыл басынан бері орталықта 105 іс-шара ұйымдастырылып,  онда 13 мыңнан астам  жас қамтылған.

«Алғаш рет дәстүрлі садақ ату үйірмесі ашылып, садақ ату және ләңгі тебуден жарыс өтті. Оған 200 жас қатысты. Тұрақты түрде аптаның әр жұма күні жастарға отбасылық құндылығы бар «Келінжан», «Донор», «Алтын адам», «Джохан» секілді тағы басқа да отандық кинолар көрсетілуде. Әр кинода кемі 300 көрермен келеді. «Наурыз мейрімділік мерекесі» тақырыбында іс шара өтіп, онда 50 зағип жанға наурыз көже берілді. Жастар арасында «Turan интеллектуалды» ойыны, жастарды қолдау мақсатында «Сен талантсың»  байқауы ұйымдастырылды. Ерікті жастармен бірлесе отырып Түркия еліне гуманитарлық көмек  жіберілді. Тұрақты түрде сенбілік жұмыстары жүргізілуде. Кентау қаласында алғаш рет 4 бағыт бойынша «Жастар форумы»  өтті. Онда жастар арасынан үздік мобилограф, үздік фотограф, үздік модель, үздік блогер анықталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен  дипломдар табыстадық» — дейді орталық басшысы С.Азат.

Бүгінде Кентаудағы жастар орталығы өскелең буынның білімін толықтырып, көкжиегін кеңейтуде таптырмас орынға айналған.   Жалпы, орталықта жастарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, белгілі кәсіпкерлердің қатысуымен жастарды кәсіпкерлікке баулып, кепілсіз несие беруге бағытталған түрлі семинар-тренингтер өтіп тұрады.

Сонымен қатар жастарды солтүстікке қоныс аударып, сонда қалып жұмыс істеуге насихаттайтын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, орталық мамандары пробация қызметінде тұратын жастарды да назардан тыс қалдырмауда. Биыл «Динамо» стадионында өткен «Жастар еліміздің болашағы» атты дәстүрлі садақ ату сайысына пробацияда қызметінің есебінде тұрған 52 жас қатысқан. Мұнда да жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен қатар, арнайы алғыс хаттарға ие болды.

Бүгінде тау бөктерінде орналасқан тәж қаладағы жастар арасында кәсіпкерлікке бет бұрушылар  көбейген. Әсіресе, мемлекет тарапынан беріліп отырған қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелерді алып, өз ісін бастап жатқандар көп. Жастар ресурстық орталығының мамандары болса сол мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, жастарға түсіндіруде үлкен жұмыс атқарып келеді.

«Кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде  мобильді топ құрылып, қала және ауыл жастарына 5 млн теңгеге дейін  2,5 пайызбен шағын несие алу бойынша 49 рет ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Жалпы 7652 жас қамтылды. Комиссияға 5 жас кәсіпкердің жұмысы ұсынылды. Оның 4 –нің құжаты мақұлданды. Қазіргі таңда он алты жас кәсіпкер құжаттарын жинап жатыр. «Бизнес-Бастау» қайтарымсыз грант бағдарламасы бойынша 18 жас кәсіпкерге 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант берілді» — дейді С.Азат.

Орталықтың басты мақсатының бірі — NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу. Жалпы бұл бағыттағы жастарға қызмет көрсету бойынша 74 іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Жастарға бағыт» жобасы аясында мобильді топ құрылып, «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Жасыл ел», «Ұлттық жоба», «Болашақ бағдарламасы», «Бос жұмыс орындары» бойынша Кентау қаласы тұрғындарына және қалаға қарасты ауылдың тұрғындарына  түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жастар орталағында бір терезе қағидаты аясында 178 жасқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер берілген.

Жастар орталығының мамандары «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы бойынша да нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Жастар қаланы көгалдандыру, абаттандыру, көркейту бағытындағы жұмыстарды белсенділікпен атқаруда. Аллеялар мен саябақтарда әр сенбі сайын тазалық жұмыстары жүргізілуде. Ал, көктем мен күз мезгілінде көшелерге ағаш отырғызып, тал егуді әрбір кентаулық жас «өз міндетім» деп санайды.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша Кентау қаласының жастарына және орта арнаулы оқу орындарының студенттеріне кеңестер беріліп, 51 жас жұмыспен қамтылды. Маусым айында 27 жас, шілде айында 24 жас жұмыс істеді. Қалалық бюджеттен 60 000 теңге көлемінде, республика тарапынан 38 700 теңге көлемінде айлық төленді» — дейді орталық басшысы.

Бүгінде жастар арасындағы ең өзекті мәселені бірі – жұмыссыздық. Кентаулықтар бұл бағытта тың жобаларды қолға алып, тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Күн сайын атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де төмендеген. Мәселен, 2022 жылы жастар арасындағы жұмыссыздар саны 779-ды құраса, биыл бұл көрсеткіш 54 болған. Жастар практикасына 600 жасқа орын берілген. Оған жолданған 200-ден астам жас түрлі мекемеде тәжірибелерін шыңдап, жұмыс істеп жүр. 330 жас тұрақты жұмысқа орналасса, «Серпін-2050» бағдарламасымен 19 жас еліміздің Солтүстік аймағына оқуға түскен.

Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жайы да Жастар орталығына жүктелген негізгі міндеттің бірі. Бұл бағытта орталық мамандары ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп жиі-жиі рейдтік іс-шаралар өткізуде.

«Полиция бөліміндегі ЖҚП ЮПТ-мен бірлесе отырып  жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 29 түнгі рейдтік іс шара ұйымдастырылды. Рейд барысында құқықбұзушылық жасаған жастар анықталған жоқ. Айыпты деп тағылған пробация қызметінде тіркеуде тұратын 45 жасқа дейінгі бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған 15 азаматпен жеке қабылдау өткізілді. Бір реттік электронды темекі бойынша 100-ден аса жастар арасында сауалнама жүргізілді. «Жастардың жат ағымдар арбауына түсудің алдын алу» тақырыбында және «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу»  бойынша кездесулер жиі өткізіліп тұрады» — дейді С.Азат.

Ал, психологиялық жұмыстар бойынша орталықтың ұйытқы болуымен жалпы 26 іс-шара ұйымдастырылған. Жастар арасында «Отбасым — бақыт мекенім», «Қыз қылығымен», «Өмірге деген дұрыс мақсат қою және әрекет ету», «Өзіңе қол жұмсау тығырықтан шығатын жол емес» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізілген. Сондай-ақ, ерте жүктіліктің алдын алу, суицидты болтырмау мақсатында да жеке қабылдаулар мен психологиялық көмектер көрсетіліп, кеңестер берілген.

Міне, осылайша шағын моно қаладағы жастар бос уақыттарын пайдалы іске арнап, жан жақты дамып келеді. «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген еді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Шыны сол, қала жастарының белсенділігі көңіл серпілтеді. Әрине, біз осы жастардан үлкен үміт күтеміз.