КЕНТАУЛЫҚ ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШҚАН
Кентаулық Марал Нүрпейісова мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, тілінде ақауы бар бүлдіршіндерге арналған орталық ашқан. Білікті маман грант қаржысына балаларға қажетті түрлі оқу құралдарын сатып алған. Бүгінде орталықта қосымша математика мен ағылшын тілін, көркем жазу және жылдам оқуға үйретеді. Сонымен қатар, орталыққа келетін бүлдіршіндер қоғамдық өмірге белсенді араласып, өздігінен оқып-жазуды жылдам үйрене алады. Кәсіп иесі алдағы уақытта 18 жасқа дейінгі балаларды да бейімдеуді көздеп отыр.
«Қазіргі таңда қоғамда тілінде ақауы бар балалар жиі кездеседі. Оның себебі — зиянды тамақтарды тұтыну және телефонды шамадан тыс көп қолдану. Сондай-ақ, дене қимылының аз болуына байланысты тілдің кеш шығуы орын алады. Біздің мақсатымыз — балаларды түзету және дамыту жұмыстарын жүргізе отырып, оларды сау балалардың қатарына қосу. Сол себепті ата-аналар балаларын дамыту үшін орталық мамандарына толығымен сеніп тапсыра алады»,- дейді кәсіпкер.