КЕНТАУДА ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Кентау қаласындағы «Кентау қалалық әкімдігі» ғимаратында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәртібі түсіндірілген жиын өтті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Кездесуге орта арнаулы колледж мамандары, мектеп мұғалімдері сонымен қатар жасы 35-тен аспаған жастар қатысты. Кентау әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен жиынды Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Ташимов Нұржан және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Суртеков Дархан жүргізіп отырды. Жастарға аталған мүмкіндікті пайдалану маңызды екенін айтты.
Жобаның басты мақсаты – барынша білікті, білімді және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшы лауазымдарға орналасуға бірегей мүмкіндік ашу. Жоғарғы әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған кезде президенттік жастар кадр резерві тізімінде бар азаматтардың кандидатуралары қаралады.
Президенттік жастар кадр резервінде болу мерзімі 3 жыл. Көрсетілген мерзім ішінде Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнамасына сәйкес саяси және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері лауазымдарына, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялардың басқармаларының төрағалары мен басқарма мүшелері лауазымдарына орналаса алады.
Президенттік кадр резервіне тіркелу бойынша жастар өз сұрақтарын қойып, керекті жауаптарын алды.
Қазақстанның жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында. Елімізде жастарды қолдауға түрлі жобалар бастау алуда, солардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен Президенттік жастар кадр резервін жасақтау туралы құзырлы органдарға тапсырма беруі. Сол кезде Мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Жалпы Президенттік жастар кадр резерві деген не? Бұл жобаға кімдер қатыса алады?
Айта кетейік, Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталдыМемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеуге құжаттар қабылдануда.

Іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін  қабылданады.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген (В1 деңгейінен төмен емес) Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Биыл іріктеу келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

  • Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
  • Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
  • Сыртқы саясат және инвестициялар;
  • Экономикалық және қаржылық саясат;
  • Цифрландыру;
  • Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

Іріктеу 6 кезең бойынша өткізіледі:

  • Құжаттарды қабылдау;
  • Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
  • Ситуациялық тапсырмаларды шешу;
  • Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат);
  • Сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
  • Ұлттық комиссия отырысы.

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы желтоқсанда жарияланады.