КЕНТАУДА «КЕНТАУ ШҰҒЫЛАСЫ» ГАЗЕТІНІҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ
Кентау қаласының 68 жылдық мерекесі қарсаңында қалалық Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында «Кентау шұғыласы» газетінің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Төл газеттің торқалы тойына облыс маслихатының депутаттары, аудан-қаланың газет басшылары, БАҚ өкілдері, басылымда еңбек еткен ардагерлер мен оқырмандары, газет жанашырлары арнайы шақырылды.
Мерейтойға орай арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова мен қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов газеттің әр жылдарында еңбек еткен қызметкерлері мен редакция ұжымын құттықтады.
Басылымда еселі еңбек еткен ардагерлер мен тілшілерін, газетпен етене жұмыс жасаған бірқатар азаматтарды арнайы «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» және «Кентау шұғыласы газетіне 90 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
Салтанатты шара аясында зейнеткерлер газеттің әр жылдардағы жай күйінен сыр шертіп, тәжірибелерімен бөлісіп, қызықты сәттерін де баяндап өтті. Жиында мәдениет сарайының әзірлеген концерттік бағдарламасы қойылып, шара соңы қонақтарға әзірлеген дастарханға ұласты. Торқалы тойда келген қонақтар төл газеттің мерейтойымен құттықтады.
Сондай-ақ бірқатар азаматтар марапаттарға ие болды.
«Кентау шұғыласы» газеті – Түркістан облысындағы тарихы басылымдардың бірі. 1927 жылы құрылған Ащысай кеніндегі еңбек пен жұмысшылар өмірін насихаттайтын басылым ретінде 1933 жылы қараша айында «Қаратау кеншілері» – «Горняки Каратау» газеті ашылды. Соғыс жылдары әрбір жетінші оқты шығарған Ащысай кеніндегі еңбекшілер ерлігі осы басылымда жарияланып отырды.
Соғыстан кейін газет Ащысай полиметалл комбинаты парткомының органына айналды. 1956 жылы мамырда басылымның аты «Кентау правдасы» – «Кентауская правда» болып өзгеріп, оған И.Шүлембаев, Т.Қорабаев, М.Сосунов, А.Олейниковтар редактор болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары ҚР Журналистер одағының мүшесі Ағия Беркімбаева, Галина Муфтахова, Ботакөз Әбілқасымова, Әбу Қалдыбеков, Қайрат Зайнишев басқарды. Газетте есімдері ел жұртшылығына етене таныс Бекжігіт Сердәлі, Базарбай Оспанов, Светлана Утенова, Владимир Хаев, Ділдәгүл Нұрмаханбет, Захарддин Қыстаубаев және өзге де қаламгерлер еңбек етті. Қазіргі таңда басылым 2000 таралыммен жарық көріп келеді.