Кәсіпті нәсіп еткендер – елге құт

Отырар ауданында бүгінгі таңда мемлекет тарапынан түрлі бағытта арнайы бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары артып келеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, шаруасын шалқытып отырғандардың бірі Қарғалы ауыл округінің тұрғыны Айдар Жүнісбай.
Жеке кәсіпкер ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен 3 миллион теңге несие алған кәсіпкер Жамбыл облысынан сүт бағытындағы 6 дана бұзаулы сиыр сатып алды. Бүгінде бұл жерлесіміз әрбір сиырдан 10-15 литр сүт алып, біршама табыс табуда. Алдағы уақытта осы кәсіптен мол табыс табуды жоспарлап отырған А.Жүнісбай сүт өнімдерінен құр, май, ірімшік секілді өнімдерді өндіруді көздеп отыр.
Жеке кәсіпкер Айдар Жүнісбай өз сөзінде: «Көптен бергі арманым жеке кәсіппен айналысып, табыс табу болатын. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Маған көмектесіп, қолдау көрсеткен аудан басшыларына, аудандық кәсіпкерлік палатасының мамандарына алғысым шексіз», – дейді.
Жалпы, аталмыш бағдарлама аясында Қарғалы ауыл округінің 47 азаматы өз кәсіптерін дөңгелету мақсатында «Ырыс» МҚҰ-на ұсыныс берсе, қазіргі таңда 25 азаматтың өтініші мақұлданып, оларға бағдарлама аясында 132 миллион теңге қаражат берілді. Қалған азаматтардың да ұсыныстары жуық арада өз шешімін табуы тиіс.