КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары А.Қозыбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өткізілді, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Мәжіліске комиссия мүшелері, прокуратура қызметкері, аудандық білім бөлімінің басшысы және қызметкерлері, мектеп директорлары, қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының инспекторлары қатысты.
Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.
Бірінші мәселе, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын-алу үшін кешенді талдау жүргізу нәтижелері туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Б.Тастанбековтың баяндамасы тыңдалды.
Екінші мәселе, кәмелетке толмағандардың арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау, ертежүктілік, зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша, балаларды жалпыға міндетті оқумен және мектеп формасымен қамтамасыз ету (оқудан жалтарған балалармен профилактикалық жұмыстар жүргізу) бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Акатов баяндама жасады.
Үшінші мәселе бойынша аудандық орталық аурухананың бас психологы А.Алтанбекова өзіне-өзі қол жұмсауға ұмтылған кәмелетке толмағандарға медициналық көмектер көрсету және әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе аудан бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.Байгабулов баяндады.
Отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері мен отырысқа қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында комиссия төрағасы А.Қозыбаев ата-аналардың баланың тәртібі мен тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін тиісті шаралар қабылдау мен олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмағандардың түнгі беймезгіл уақытта жүрмеуі және ойынханаларда жүрмеуін қадағалау мақсатында рейдтік шараларды жандандыруды тапсырды.