«JARQYRA» республикалық кастингі өз мәресіне жетті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» ұйымдастыруымен өткен ауқымды республикалық «JARQYRA» кастингі өз мәресіне жетті.

📅 15 қыркүйек күні басталған жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, бір күнде 19 қалада бір мезетте өткізілді. Бұл — отандық кинематография тарихындағы ең ірі әрі ерекше оқиғалардың бірі болды.

Сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін мәдениет ошақтарында өткен іріктеуге 1000-нан астам үміткер қатысып, ұлттық киноның бір бөлігі болуға ниет білдірді. Қатысушылар қатарында облыс орталықтарынан бөлек, аудан мен ауылдардан келген дарынды азаматтар да бар. Бұл қазақстандықтардың кино өнеріне деген зор қызығушылығын және шығармашылық салада өзін сынап көруге деген талпынысын көрсетті.


705 қатысушы Кино орталығының актерлік базасына енгізілді

Барлық қатысушылардың анкеталары арнайы Сараптама кеңесі тарапынан мұқият қаралды. Бағалау барысында үміткердің актерлік шеберлігі, сахналық образды жеткізу қабілеті мен кәсіби әлеуеті ескерілді. Нәтижесінде 705 қатысушының анкетасы Кино орталығының актерлік базасына енгізілді.


Құрманбек Жұмағали: “Қазақстанда қуатты шығармашылық әлеует бар”

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали кастинг қорытындысына байланысты пікір білдіріп, жобаның салалық маңыздылығын атап өтті:

“«JARQYRA» кастингі Қазақстанда қуатты шығармашылық әлеуеттің бар екенін және түрлі буын өкілдерінің кино саласында кәсіби жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Әр қатысушының шығармашылық көзқарасы, тәртібі мен шынайы ынтасы қуантады. Іріктеу оңай болған жоқ. Сараптама кеңесінің алдында көптеген дарынды үміткерлердің арасынан үздіктерін таңдау міндеті тұрды.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық киноиндустрияны дамыту, жаңа есімдерді ашу және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді”, — деді ол.


Онлайн актерлік база – жаңа есімдерге жол ашады

Кастингтен өткен қатысушылардың анкеталары жақын күндері Кино орталығының ресми сайтында – www.kazakhcinema.kz – жарияланады.

Онлайн актерлік база продюсерлер мен кинокомпанияларға жаңа есімдерді табуға, дарынды актерлерді іріктеуге және болашақ фильмдерге шығармашылық топ құруға мүмкіндік беретін заманауи құралға айналмақ.


Ұлттық киноның болашағы – жас таланттарда

Ауқымды «JARQYRA» кастингі Қазақстанда ұлттық киноны дамытуға ынталы, белсенді әрі талантты буынның өсіп келе жатқанын көрсетті.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бұл бастаманы әрі қарай дамытып, жас мамандардың кәсіби жетілуіне және отандық кинематографтың өркендеуіне бағытталған жобаларды жалғастыруды көздейді.


🕯️ «JARQYRA» жобасы – ұлттық киноны дамытуға, шығармашыл жастарды қолдауға және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған бастама.