ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ: 2024 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ЖОСПАР АСЫРА ОРЫНДАЛДЫ
Шымкентте 2024 жылы 56 962 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланғанымен, жыл қорытындысы бойынша 58 046 адам қамтылып, жоспар 102%-ға орындалды. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Жанат Өмірсейітқызы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында баяндады.
Шымкент қаласында жұмыссыздықпен күрес және халықты тұрақты табыспен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген жұмыспен қамту бағдарламасы оң нәтиже берді. 2024 жылы 33 814 тұрғын тұрақты жұмысқа, кәсіпкерлікке, субсидияланған жұмыс орындарына және кәсіптік оқытуға жолданып, жоспар 11,9%-ға артық орындалды.
Сонымен қатар, жекеменшік сектордың дамуы арқасында 24 232 адам жаңа жұмыс тапты. Олардың басым бөлігі балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріханалар мен қызмет көрсету мекемелеріне орналастырылды.
Ал 2025 жылға 51 775 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 29 963 адам мемлекеттік бағдарлама аясында еңбекке араласса, 21 812 адам жаңадан ашылатын жұмыс орындары арқылы жұмысқа тартылмақ.
Қалада еңбек нарығын тұрақтандыруға бағытталған шаралар жалғасуда. Мемлекеттік бағдарламалар мен жекеменшік бастамалар жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуде.