ХАЛЫҚҚА ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ: ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАҢА БАСТАМАЛАРЫ

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Әділет министрлігі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта 2024 жылы бірқатар ауқымды акциялар іске қосылды, оның ішінде «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні» және «Тегін заң көмегі күндері» шаралары бар.

Өткен жылы еліміздің барлық өңірлерінде 100 мыңнан астам адамды қамтыған 1 310 құқықтық түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Ауылдық елді мекен тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру үшін 2 000-ға жуық «Құқық кабинеті» ашылды. Бұл кабинеттер аудандық және ауылдық клубтарда, демалыс орталықтарында, сондай-ақ «Egov» бұрыштарының базасында орналасқан. Олар нормативтік құқықтық актілермен танысуға мүмкіндік беретін «Әділет» АҚЖ және «Заң» дерекқоры сияқты ақпараттық жүйелермен толық жабдықталған. Шымкент қаласында бұл кабинеттер аудан әкімдіктерінде жұмыс істеп, адвокаттар белгіленген кестеге сәйкес азаматтарға тегін заң көмегін көрсетеді.
Цифрлық технологиялар да құқықтық қызмет көрсетуді жеңілдетуде. Онлайн заң қызметтерін ұсыну үшін Eup.kz сайты арқылы «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ, «Zan Komegi» мобильді қосымшасы арқылы азаматтар өздерін мазалаған құқықтық сұрақтарға бейнеқоңырау арқылы жауап ала алады. Бұл жүйе арқылы 2 000-нан астам адвокат пен заң кеңесшілері 472 мың азаматқа білікті құқықтық көмек көрсетті. Мысалы, Шымкент қаласында 2024 жылы Мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында 15 548 азаматқа қызмет көрсетілді.

Сонымен қатар, бейнеқоңырау арқылы сенімхаттар мен ерлі-зайыптылар келісімдерін рәсімдеуге мүмкіндік беретін «Е-нотариат» бірыңғай жүйесі іске қосылды. Бұл қызметті 176 мың азамат пайдаланып, Шымкент қаласында нотариустар 1 404 онлайн қызмет көрсетті.
Құқықтық қызметтерді қауіпсіз әрі тиімді ету мақсатында клиенттерді биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, өтініштерге QR-қол қою сервисі арқылы қол қойылып, қызмет нәтижелері тәулік бойы EgovMobile платформасында қолжетімді болды. Осылайша, азаматтар нотариусқа бармай-ақ 168 мың сенімхат пен 67,5 мың ерлі-зайыптылар келісімін заңдастыра алды.
Әділет министрлігінің бұл бастамалары халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етуге бағытталған.