ФУТБОЛДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ
Шардара ауданында футболдан жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты басталды. Бұл жарысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Шардара ауданы әкімдігі ұйымдастырды.
Жарыстың ашылу салтанаты да жоғары деңгейде өтті. Спорттық шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев арнайы келіп, жарыстың ашылуымен спортшыларды құттықтап, сиқырлы спорт – футболға қабілеті бар балалар үшін мұндай сайыстырдың көптеп ұйымдастырылуы үлкен серпін беріп, шеберліктерін шыңдай түсетінін айтып, барша командаларға сәттілік тіледі.
2007 жылы туған жасөспірімдер арасында облыс чемпионатына облыстың аудан, қалаларынан 10 команда, 200-ден астам футболшы қатысып, өзара мықтыларын анықтап жатыр. Талантты жасөспірімдер арасында басталған бұл жарыс алғашқы күннен бастап-ақ тартысты басталды. Ал облыстық футбол мектебінің директоры Дәулетияр Әлиев бұл жарыс талай талантты жасөспірімдердің тұсауын кесетінін жеткізді.
Жасыл алаңға шыққан әрбір жас ойыншының болашаққа деген армандары да асқақ. Айта өтерлігі, бұл футбол додасының жоғары дәрежеде өтуіне Шардара ауданының №3 футбол мектебі мұрындық болуда. Енді аяқдоп шеберлері апта бойы жеңімпаздар мен үздік футболшыларды анықтайтын болады.