Фейк ақпарат: отандық және әлемдік тәжірибе, медиасауаттылықты арттыру мен жазалау шаралары

Бүгінде БАҚ-тағы жарияланымдарда және журналистердің тілдік қолданысында «фейк ақпарат» термині жиі кездеседі. Тіпті 2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігінің дерегінше, «фейк ақпарат» жыл сөзі атанды. Қазір цифрлы технологиялардың, әлеуметтік желілердің дамуымен, интернетті пайдаланушылар санының артуымен фейк ақпараттың біздің өмірімізге дендеп енгені соншалық, шындықты өтіріктен ажырату оңай болмай қалды. Осы орайда, фейк ақпарат дегеніміз не, жалған жаңалықтар қоғам үшін неліктен қауіпті, оны қалай ажыратамыз, әлем елдері мен Қазақстан үкіметі фейк ақпаратпен қалай күресіп жатыр, медиасауаттылықты арттыру шаралары, сонымен қоса елімізде фейк ақпарат таратқандарға қандай жаза қолданылатыны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Фейк ақпарат дегеніміз не?

Фейк жаңалық дегеніміз – шындыққа жанаспайтын, алайда шынайы дереккөз ретінде ұсынылып, қоғамды жаңылыстыруға бағытталатын ақпарат. Жалпы фейк жаңалықтар екі санатқа бөлінеді. Алғашқысында автор материалдың ішінде жалған ақпарат бар екенінен хабардар болса, екіншісінде жалған ақпараттың барын білмей, бірақ белгілі бір көзқарасқа баса назар аударту мақсатында әдейі фейк ақпаратты таратуы мүмкін.

Жалпы дезинформация жаңа құбылыс емес. «Фейк ақпарат» термині ХІХ ғасырдан бастап қолданыста. Бірақ интернет пен әлеуметтік желілер жалған ақпаратты жасау және тарату тәсілін өзгертті. Интернет пайда болғанға дейін адамдар жаңалықты негізінен бұқаралық ақпарат құралдарынан алатын. Ал БАҚ қызметкерлерінен кәсіби этиканың қатаң стандарттарын сақтау талап етілетін. Алайда интернеттің таралуымен жаңалықтар мен ақпаратты жариялаудың, бөлісудің және тұтынудың жаңа тәсілдері пайда болып, бақылау стандарттары мен редакциялық нормалар өзгерді. Көпшілік қазір ақпаратты әлеуметтік желілерден немесе басқа да ақпарат көздерінен алатын болғандықтан, адамдар жаңалықтың шынайылығына күмәнмен қарай бастады. Edelman trust barometer халықаралық зерттеу агенттігінің мәліметінше, 2020-2021 жылдары дүниежүзінде бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім 8%-ға төмендеген. Ал 2021 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, әлемде адамдардың 53%-ы әлі де БАҚ-қа сенеді. Бұл әлем халқының жартысынан астамы болса да, 2020 жылғы 61%-дан айтарлықтай азайып отыр. Адамдардың көпшілігі (61%) БАҚ-қа деген сенімін жоғалтуының басты себебі ретінде объективтіліктің жоқтығын көрсеткен. Сонымен қатар 59%-ы жаңалықтар ұйымдары өздерінің идеологиясын қолдау үшін ақпаратты асыра сілтеп жібереді немесе толығымен қолдан жасайды деп санайды.

Сонымен бірге әлеуметтік медиаға тоқталсақ, Statista.com халықаралық зерттеу агенттігінің дерегінше, 2020 жылы әлем бойынша жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың тек 35%-ы әлеуметтік желілерге сенетінін айтқан. Бұл 2019 жылғы 40%-дан төмен. Әлем жаһандық пандемиямен бетпе-бет келгенде кезде фейк ақпараттардың көп болуы басқа ақпарат құралдарына деген сенімнің жоғалуына ықпал еткенін атап өткен жөн. Ал 2021 жылғы дерек бойынша, айына 2,91 миллиард белсенді қолданушысы бар Facebook-те әлеуметтік желідегі жалған ақпараттар санын азайту үшін шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, компания 2020 жылдың екінші тоқсанында ғана 7 миллионнан астам жазбаны өшірген. Бұл жазбалардың барлығы сол кездегі COVID-19 пандемиясы туралы жалған немесе расталмаған ақпарат болған. Коронавирус өршіген тұста таралған ақпараттың көбі індеттен оңай құтылуды, оған қоса емделу үшін қандай препараттар қабылдау керек екені жөнінде болды. Оларды жою арқылы Фейсбук желісі фейк ақпараттың адам денсаулығына кері әсер етуінің алдын алғанын айтып өткен жөн.

Фейк ақпарат неліктен қауіпті?

Көп жағдайда адамдар маңызды шешім қабылдар кезде жаңалықтардағы ақпаратқа сүйенеді. Сондықтан ақпараттың сенімді дереккөзден алынуы өте маңызды. Мәселен, белгілі бір ауруға қандай ем қабылдау керегін де азаматтар жаңалықтарда берілетін ақпарат арқылы біліп отырады. Бұл мәселе, әсіресе коронавирус өршіген тұста өзекті бола түсті. Осы орайда, фейк ақпараттар қалай қауіпті болуы мүмкін деген сауалға жауап беріп көрейік.

Жалпы адамдар дұрыс ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата алмаған тұста әлеуметтік не саяси мәселелерде түсінбеушілік туындайды. Бұл халық пен билік арасындағы түсінбестікті одан сайын қиындата түседі. Оның соңы ереуіл, митингтерге ұласуы мүмкін. Сонымен қатар қатерлі ісік немесе COVID-19 сияқты ауруларды емдеу туралы жалған, ешбір дәлелсіз ақпараттар адамдардың өз денсаулығына қатысты бұрыс шешімдер қабылдауына әкелуі мүмкін. Тіпті өміріне қауіп төндіруі де ғажап емес. Мәселен, елімізде Уатсап әлеуметтік желісі арқылы өткен жылы «7-8 тамызда вирус шашылады» деген ақпарат тараған еді. Онда халықтың осы аралықта далаға шықпай, үйде отыру керегі жазылған. Сонымен бірге стационарларда «ауру жұқтырғандардың көбеюіне байланысты оттегі баллондарын дайындап жатыр» дегендей ақпарат берілген. Кейін ҚР ДСМ бұл ақпараттың жалған екенін айтып, мәлімдеме жасады. Бұдан бөлек «антибиотик пен аспиринді тұтыну арқылы коронавирусты жоюға болады» деген де фейк ақпарат тараған еді. Сондықтан мамандар коронавирусқа қатысты ДДҰ мен ҚР ДСМ ғана таратқан ақпаратқа сенуге шақырады. Енді таралып жүрген фейк ақпараттардың мазмұнына назар аударсақ, көпшілігі әлеуметтік қақтығысты қоздыруға және өршітуге бағытталғанын анық байқай аламыз. Әр көзқарасты жақтаушылардың өз «фактілері» бар, бұл қоғамның бірнеше топқа бөлініп, әлеуметтік полияризацияға алып келуі мүмкін екенін ескерген жөн.

Әлем елдері фейк ақпаратпен қалай күресіп жатыр?

Жаһанды жайлаған пандемия салдарынан тараған фейк ақпарат саны көбейді. Оған жоғарыда көрсеткен статистикамыз дәлел бола алады. Осыған байланысты әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады. Жалпы әлемде жалған жаңалықпен күрес шаралары 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлаудан кейін үдей түсті. Тіпті 2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігі бойынша, «фейк ақпарат» жыл сөзі атанған еді. Осы орайда, бүгінде шет мемлекеттер жалған жаңалыққа қарсы қандай іс-шаралар қолданып жатқанын қарастырып көрейік.

Швеция биыл 1 қаңтардан бастап фейк ақпаратпен күресетін агенттік құрды. Бұл психологиялық қорғаныс агенттігінің миссиясы – Швецияға, оның мүдделеріне қарсы бағытталған және басқа да адамды жаңылыстыратын ақпараттарды анықтау, талдау әрі оларға жауап беру арқылы елдегі ашық, демократиялық қоғам мен еркін ойды қорғау.

Ал Франция үкіметі өткен 2021 жылы шетелдік дезинформациямен және фейк ақпараттармен күресетін агенттік құрған еді. Сондай-ақ Франция 2018 жылы фейк ақпараттың алдын алу үшін оған қарсы екі заң қабылдады. Ел президенті Эммануэль Макрон бұл қадам азаматтық бостандықтарға қауіп төндіреді деген сынға қарамастан, әлеуметтік желілердегі де фейк ақпаратпен күресу үшін БАҚ туралы заң да қайта қаралатынын айтқан.

Өзбекстанда Қылмыстық кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Сонымен қоса президент Шавкат Мирзиеев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.

Сингапурда қабылданған жаңа заңда, ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді.

Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жеккөрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады.

Ал Wikipedia интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльс Wikitribune жобасын іске қосты. Онда журналистер жаңалықтарын не материалдарына жарияламас бұрын, ақпаратты қайдан алғанын, сондай-ақ оқиғаға негіз болған жазбалардың түпнұсқаларын ұсынуы керек.

Білім саласындағы медиасауаттылық: әлемдік тәжірибе

Зерттеушілер мен мамандар медиасауаттылық бағдарламалары фейк жаңалықтармен күресудің тиімді әрі ұзақмерзімді құралы екенін айтып отыр. Осы орайда, кейбір Еуропа елдеріндегі медиасауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шараларды қарастырып көрейік. ЕО-ға мүше мемлекеттер фейк ақпараттың көптеп таралуына байланысты мектеп бағдарламасына фактчекинг курстарын енгізуді көздеп отыр. Мәселен, Франциядағы Le Monde газетінің волонтерлері жасөспірімдерге шындық пен жалған жаңалықтардың арасындағы айырмашылықты үйрету үшін мектептерді аралап жүр. Осыған ұқсас бастама Германияда да бастау алды. Mecklenburg-Vorpommern федералды штатында мектеп оқушыларына информатика және медиатану курсы оқытылады.

Ал ұсынылып отырған диаграммада 2021 жылғы медиасауаттылық деңгейін анықтайтын рейтинг көрсеткіші берілген.

Осы тұста Финляндияның медиасауаттылықты насихаттаудағы тәжірибесіне тоқталған жөн секілді. Финляндия бірнеше жыл қатарынан медиа сауаттылықтың деңгейін анықтайтын рейтингтің көш басында тұр. 2021 жылғы көрсеткіш бойынша да алғашқы орында. Мамандардың айтуынша, олар фейк ақпаратпен күресу шараларын мектеп қабырғасынан бастайды. Ел астанасы Хельсинкидегі орта мектептерде медиасауаттылық пен сыни ойлау қабілетін арттыру міндетті пән ретінде 2016 жылы ұлттық оқу бағдарламасына енгізілген. Мәселен, математика сабағында оқушыларға фейк ақпаратты жасаушылардың статистиканы қалай бұрмалайтыны түсіндірілсе, бейнелеу өнері сабағында оқушыларға бейнені қалай қолдан жасауға болатыны оқытылады. Ал тарих сабағында оқушылар әлемдік деңгейде көп талқыға түскен танымал оқиғаларды талдайды. Сонымен қоса Фин мұғалімдері адамдарды мәтін арқылы қалай адастыруға болатын әдістерді де үйретіп, мектеп балаларының алдына келген ақпараттың жалған не шын екенін ажырата алуына мүмкіндік жасайды.

Қазақстан мектептерінде де медиасауат пән рентінде оқытылуы мүмкін

Еліміздегі мектеп бағдарламасына да медиасауаттылыққа қатысты пән енгізілуі мүмкін. Оқушыларға арналған медиасауаттылық бойынша тұңғыш оқулық мемлекеттік сараптама комиссиясының шешімімен бекітіліп, білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған еді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Учебник» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ресми қорытындысы бойынша, «Оқу құралының мазмұны БАҚ жүйесі мен БАҚ саласы туралы заманауи ғылыми идеялармен қамтылған» делінген.

9-11(12) сынып оқушыларына арналған оқулық, сонымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал электронды форматта қолжетімді.

Еске сала кетейік, аталған оқу құралы 2020 жылдың соңында ұсынылды. Оқу-әдістемелік кешен АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жобасы бойынша «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ әзірлеген.

Өткен жылы Internews және MediaNet өкілдері ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесіп, мектеп бағдарламасына медиа және ақпараттық сауаттылықты енгізу мәселесін талқылаған болатын. БҒМ-ның мәліметінше, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жалпы білім беретін мектептерде медиасауаттылықты дамытудың алдағы стратегиясын талқыламақ.

Қазақстан: жалған ақпаратпен күрес шаралары

2021 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) бастамасымен құрылған Stopfake.kz сайты оқырмандардың медиасауаттылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастырды. Аталған ведомствоның мәліметінше, сайт Қазақстанның ақпараттық алаңында таралған 900-ге жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды.

Жалпы сайт 2020 жылдың шілдесінен бастап қазақ және орыс тілдерінде 2000-ға жуық фейк ақпаратты анықтады. Атап айтсақ, StopFake жұмысының нәтижесінде карантиндік шектеулер туралы вирустық хабарламалар, COVID-19 вакцинациясының қауіптілігі туралы ақпарлар, 2021 жылғы парламенттік сайлауы туралы жалған жаңалықтар уақытылы тексеріліп, халыққа сенімді дереккөзден шыққан хабарламалар ұсынылып отырды. Сонымен қоса әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге тұрақты мониторингі жүргізілді.

Бұдан бөлек аталған порталда сараптамалық сұхбаттар да жарияланып, онда белгілі бір хабарламалар ғылыми тұрғыдан түсіндірілді.

Stopfake.kz жобасы «Медиаға арналған Медиа» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Күн сайын сайттағы материалдарды Қазақстанның ірі басылымдары, сондай-ақ шетелдік ақпараттық ресурстар пайдаланады.

Бұдан басқа елімізде жарияланған ақпараттардың дұрыс не жалған екенін анықтайтын Factcheck.kz жобасы да жұмыс істейді. Онда ел алдында жүрген тұлғалардың спичтерінде келтірілген деректер мен статитика тексеріледі, сонымен қатар елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты да ақпараттардың жалған не шын екенін анықтап, көлемді материалдар жарияланады.

Қазақстанда фейк ақпарат таратқандарға қандай жаза қолданылады?

Елімізде фейк ақпарат таратқандарға 20 айлық есептік көрсеткіш сомасындағы айыппұл төлеуден 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Құзырлы орган мамандарының мәліметінше, ел азаматтарының көпшілігі жаңалықтың рас не өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар уақытында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көбірек тарайды. Конституция бойынша, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Десе де көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білмейді. Барлық факті ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігімен тіркеледі. Мұндай фактілерді анықтау үшін күн сайын әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп жатыр және жалған ақпарат таратқандарды анықтайтын қажетті техникалық мүмкіндіктер бар.

Фейк ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса, 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Фейк ақпаратты қалай ажыратамыз?

Сөз соңында фейк ақпаратты ажырату үшін бірқатар маңызды кеңес ұсынамыз.

Дереккөзді тексеру

Ашылған беттің уеб-мекенжайын тексеріңіз. Жалған жаңалықтар уеб-сайттарында кейде логикалық, орфографиялық және граматикалық қателер өріп жүреді. Егер сіз сайтпен таныс болмасаңыз, «Біз туралы» бөліміне өтіп, жоба жөнінде ақпарат алуға болады.

Авторды бағалау

Автордың сенімді екенін анықтау үшін ол туралы қосымша ақпарат қарастыру керек. Оның беделі, жарық көрген мақалалары, белгілі бір сала бойынша материал жазып жүр ме, сонымен қоса оның көзқарасына мән берген жөн.

Басқа да ақпарат көзін тексеру

Басқа беделді ақпарат көздері немесе бұқаралық ақпарат құралдары бұл фактіні жарялаған ба? Мақалада сенімді дереккөздерге сілтеме жасалған ба? Егер халық арасында сенімді саналатын БАҚ не ақпарат көзіне жарияланса, демек шындыққа жақын деуге болады.

Сын көзбен қарау

Фейк ақпараттың көбісі қорқыныш немесе ашу сияқты күшті эмоцияларды, соған реакция тудыруға бағытталған. Әр ақпаратқа сын көзбен қарап, өзіңізге «бұл мақаланың мақсаты не?», «белгілі бір көзқарастарды немесе мәселелерді алға тартады ма?», «мақала пайдаланушыны басқа уеб-сайтқа өтуге мәжбүрлей ме?» деген секілді сауалдар қойып, жауап беруге тырысыңыз.

Сурет не видеоның шынайылығын тексеру

Әлеуметтік желідегі суреттер өңделген немесе өзгертілген болуы мүмкін. Мәселен, сурет деформацияланып (фондағы түзу сызықтар қисық болып көрінеді), көлеңке, түстің қанық болуы секілді дүниелерден суреттен шын не фейк екенін анықтауға болады. Сонымен бірге фото не видеоның қайда түсірілгенін, ондағы кішкентай детальдарға да мән берген жөн. Сол арқылы қандай локацияда түсірілгенін тексеруге мүмкіндік бар.

Н.Сүйіндік