ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ ІС-ШАРАЛАР ЛЕГІ ЖАЛҒАСУДА

«Жастар Рухы» Жастар қанаты, Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес мүшелері, қалалық Жастар ресурстық орталығы КММ-і, қалалық Полиция департаменті бірлесе «Есірткіге жол жоқ!» акциясын ұйымдастырды.

Жастар мен жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткіге құмарлық өршіп барады. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында арнайы тоқталып, айтып өтті. Тиісінше Президент атаулы мәселені қолға алып, жою жолдарын қарастыруды тапсырды.

Есірткімен күрес акциясына Шымкент қаласының мәслихат депутаты, Шымкент қаласы «Жастар қолдау» кеңесінің төрағасы Балабиев Нұрсұлтан Қайратұлы, «Жастар рухы» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Жүнісбек
Ердәулет Асқарұлы, «Alpha Academy» Шымкент филиалының директоры Шерім Айгерім Асқарбекқызы, М. Әуезов атындағы ОҚУ «Жастар орталығы» директоры Бесбаев Ақан Сәбитұлы, Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтардың арыз шағымдарымен ішкі қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бас маманы Пазылбеков Ербол, Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Қанатұлы Карбаев, Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Исахов Мағжан Шыңғысұлы қатысты.

Қаламыздың Әл-Фараби және Абай аудандарында өткен акцияда бірнеше сағат ішінде 50-ден аса граффити боялып, есірткі жарнамалары жойылды.