«Еңбек адамы»- Мейірімді мейірбике


Мейірбикелік іс — қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты адам денсаулығының потенциалды немесе бойында бар проблемаларын шешуге бағытталған ғылым мен өнер.
Мейірбике — мейірбике іс философиясымен бөлісетін,медбикелік іске құқығы,кәсіби білімі бар маман. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің саналы ғұмырын адамдарға көмек қолын созудан шаршамайтын мейірбике қызметіне арнаған Дәрігуль Байсунова. Ол Шорнақ ауылдық емханасында 34 жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді. Күндізгі бөлімде айына 90 адам келеді, күнделікті 10-12 адамға көмек қолын созады. Науқасты емдеуден алдын науқас адамды палаталарға жатқызып, толық тексерістен өткізіп алады. Кейіпкеріміз жұмыстан тыс уақытта да жұмысын жасайтынын айтады. Тіпті ауыл адамдары мейірбикені үйіне іздеп баратын көрінеді. Таң демей, кеш демей, кейіпкеріміз барлық науқас жандарға көмек қолын созуға дайын тұрады.
Мейірбике білім мен шеберлігі бар, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін маман болып саналады. Мейірбике-емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін өзінің кәсіби психологиялық және рухани қасиеттерін дамытқан, бірегей қоғамның белсенді тұлғасы. Қоғам мен емделушілердің қажеттілектерін қанағаттандыру үшін, денсаулықты сақтау үшін медбике жұмысын жалғыз және басқа да денсаулық сақтау саласындағы кәсіби жұмыскерлермен бірге атқара береді. Емханада мейірбике қызметін атқаратын кейіпкеріміз үй жағдайында да көптеген адамдарға көмек қолын созудан бас тартпаған.
Дәрігуль ханымның айтуынша «мейірбикенің міндетіне емделушіні және оның өз тағдырын өзі шешу құқығын сыйлау кіреді. Осыған байланысты іс атқару барысында келесі принциптерге сүйенуге тиіс: қастық жасамау, жақсылық жасау, қызмет істей білу және мамандыққа да, емделушіге де адал болу. Сонымен бірге, мейірбикелік іс адамның ұлттық және таптық сипатын, жасын, жынысын, саяси немесе діни сенімдерін шектемейді» дейді.
Адам өмірінің жанашыры ақ халатты абзал жандардың көмегіне қашанда болса зәруміз. Медицина ғылымының өсіп – өркендеуіне байланысты денсаулық сақтау саласындағы медицинада мейірбикелерінің рөлі артып келеді.
Елімізде  медициналық көмек сапасын жақсартуға жіті көңіл бөлу басты назарға алынған. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі қыруар жұмысты жүзеге асыру үстінде. Тіпті, аккредиттеудің ұлттық стандарттары халықаралық қағидаларға сай жаңартылды. Ал мейірбикелік міндетке зор жауапкершілік жүктелетіні баршаға мәлім. Аккредиттеудің жаңартылған стандарттарында аталмыш мамандық медициналық көмек сапасын жақсарту құралы ретінде  қарастырылған. Мейірбикелік іс арнайы машықты, білімді және оны қолданудағы ептілікті қажет етеді. Науқастарды емдеуде медбикелердің орны ерекше. Яғни, ол емделушінің жай-күйін дер кезінде бағалап, жалпы жағдайын жақсартуға, асқыну қауіптерін мейлінше азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, тиісті ұлттық стандарттың талаптарын орындайды. Стандарттың басты талабы – пациенттің күтіміне, жағдайының жақсаруына назар аудару, аурудың асқынбауын болдырмау. Егер дәрігер патологияны, ауруды зерттесе, мейірбике науқастың емделу барысындағы жай-күйін бақылайды. Сондықтан да мейірбикелік күтім маманның кәсіби дайындығын, оның пациентке қамқоршы болуын міндеттейді.