«ЕҢБЕК АДАМЫ». «ӘКЕМНІҢ ӨНЕРІ МЕНІ ДЕ ӘНШІЛІККЕ ӘКЕЛДІ»

Ұлмақанова Әсем Серікқызы Түркістан қаласында дүниеге келген. С.Сейфуллин мектебін бітірген. 17 жасында Мәдениет үйіне әнші болуға шақырту алып жұмысқа ерте араласқан. Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы ОҚО мемлекеттік университетінде «музыка пәні мұғалімі» мамандығын бітірген. Жастайынан көптеген байқауларға қатысқан кейіпкеріміз қазіргі таңда мәдениет үйінде әннен сабақ береді.
«Шығармашылық ізденісте шек жоқ қой. Көп нәрсе қаражатқа, денсаулыққа, ұйымдастыру жағына, түрлі қарым-қатынастарға тәуелді. Жалғыз өзің еңбектенсең, кәсіби жағынан мықты болғаныңмен, бүкіл ел танитын әнші атана алмауың мүмкін. Әншінің жолы жеңіл емес. Өз басым ең алдымен, әншінің репертуары бай болуы керек деп есептеймін. Өнер адамы үшін ең бастысы – көрерменнің көңілінен шығу, халықтың құрметіне бөлену. Ондай сәттер өз басымда да болды. Тіпті бірде алдыңғы қатарда отырған бір қарт әженің қолындағы жүзігін шешіп: «Балам, риза болдым, өнерің өрге жүзе берсін», деп маған ұсынғаны бар. Осыдан артық өнерге қандай баға керек»
Ұлттық ән өнеріміздің телевизия, радиодан насихатталуын қалай бағалайсыз деген сұраққа кейіпкер:
» Қазір жақсы деңгейде. Бірақ гәп басқада. Бұл радио, телевизиядан берілген әндерімізді жастардың тыңдамайтындығында. Сондықтан да болар, олар бір салтанатты кеште бас қоса қалса, анық бір өлеңнің сөзін білмей, жан-жағына жаутаң-жаутаң етіп отырады. Бұған себеп не? Өзге хабар, кино, спорт репортаждарына тиіспегеннің өзінде, қазақ әндерін тыңдатпайтын – тағы да эстрада. Бұл өзі күнде ауыстырып киген көйлек секілді қызық дүние. Жастар соның түр-түсіне қызығамын деп алданып қалады. Эстрада күнде өзгереді. Ал халық әндері мәңгілік өзгермейді. Ойсыз жастарға алғашқысы қызықтау. Болмаса қазақ телевизиясы ән-жыр, терме, айтыс атаулыға ерекше ден қойғалы қашан» деп жауап қатты.
Әнші болғым келеді деген іні-қарындастарыңызға айтарыңыз…
» Әнші болу үшін ең басты алғышарт – әнді құлай сүю керек! Сахнаға шығып шапалақ есту үшін әнші болу – қылмыс! Әр адам – бөлек бір ғалам. Ән айтуға да өз жолымен келгені жөн. Жөнсіз еліктеудің қажеті жоқ. Менің ойымша, әншілік туа бітетін қасиет пе деймін. Болмаса баз біреулер естілер-естілмес дауыспен атшаптырым залды баурағысы келеді. Үміті микрофонда. Шіркін-ай, Ақан, Біржандардың даусы ен далада 12 шақырым жерден естілгені қайда?! Халқымның «Ерінбеген өлеңші болады» деген сөзін жоққа шығарудан аулақпын. Бірақ ол өлеңші ғана ғой. Ал біздің әңгіме әнші жайлы!»
Әсем Серікқызының «Қарлығаш» атты ән үйірмесі бар. 20- дан асатам шәкірті бар. Көптеген шәкірттері ауылдық, аудандық байқаулардың жеңімпазы болған. Өнер жолына келуіне әкесі тірек болған. Әкесі домбыра тартады және қосымша мектепте сабақ береді. Сонымен қатар үлкен кісілердің батасын алып, мәдениет үйінде әнші болып қызмет етеді. Кейіпкеріміз әнші болмағанда да бәрібір өнер саласында қызмет атқаратынын айтты.
2006 жылы Түркістан қаласында мәдениет үйінде жұмыс істеп жүрген уақыттарында Алматы қаласына шақыру келген. Алайда кейіпкеріміз туған жері Түркістанды көркейтуді мақсат еткен.