«Еңбек адамы» Көкпарды жаны сүйетін еңбек ері


Қазақ халқында ұлттық ойындардың ішінде — көкпардың алар орны ерекше. Көкпар әдетте ер балалардың физикалық шынығуына әсер етіп қана қоймай, олардың бойына жылдамдық, ұтқырлық, табандылық секілді қасиеттерді сіңіріп өсуіне жол ашады. Бүгінгі кейіпкеріміз 15 жасынан бері көкпармен айналысыпкеледі. Тіпті әкесі мен ағасы да көкпармен айналысады. Ең қызығы «Болар бала 15 жаста баспын дейді,
Болмас бала 30 жаста жаспын дейді» дегендей көкпаршы кейіпкеріміз 15 жасында ауыл аймаққа көкпар берген. Содан кейін көкпар ойыны ауылда көпшілікке жайылып, даму қарқыны артқан.
«Көкпаршы болу үшін адамда рух, жігер мықты болу керек. Жылқы малына деген қызығушылық болу керек» — дейді көкпар маманы Самат. Көшпенділер бұл ойын кезінде физикалық қабілеттерін жетілдіруге аса мән берген. Сондықтан да ойын ел арасында кеңінен танылған. Жер, су, жем-шөп үшін талас көшпенділер арасында жиі болып тұратын еді. Ел арасында қақтығыстар болмаған кезде де, жас жігіттер өзін бабында ұстап, кез-келген соғыста жауға тойтарыс беру үшін көкпарға қатысуды жөн санаған. Ұлттық спорт түрі ретінде ойын шарттары қаталдау. Әр командаға кемінде тек 10-12 қатысушы алынып, ойын алаңына тек төртеуден шығып, қалғаны бір-бірін алмастырып отырады. Ойынның ұзақтығы — 15 минут. Ойын уақытында қарсыластан тушаны тартып алуға, лақтырып бір-біріне беруге, жерден көтеруге рұқсат беріледі. Ал ойын барысында қарсыластарға бір-біріне күш көрсетуге, атын үркітуге, тушаны тақымына байлап алуына тыйым салынады. Туша қазандыққа салынғаннан соң ойын қайта басталған. Негізгі уақытта тең түскен жағдайда қосымша тағы 15 минут беріледі, ол уақытта да ойын жеңімпазы анықталмаса, екі жақтан бір-бір қатысушы шығып, тағы 10 минут уақыт беріледі. Қай команданың қатысушысы тартыста жеңіске жетсе, сол команда жеңімпаз деп танылады. Көкпарға тартылған туша жеңімпаз командаға беріледі. Ежелден бұл ет емдік қасиеті бар деп есептеліп, түрлі ауруларға дауа деп саналған екен. Көкпар спорттық ойынына қатысу үшін күнделікті физикалық жаттығулар жасау керек. Көкпарда тек адам өзін ғана емес, көкпарға бірге қатысатын атты да дайындау керек екен.
Дәстүрлі қазақ қоғамында Көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20-30кг-дай келеді. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан Көкпарға тартпайды.
Көкпар жігіттердің күш жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар аттың қалай бапталып,үйретілгендігін, жігерлігін де сынайтын спорт. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған.