«Еңбек адамы» Балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды!


Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылдық округі, Ескі Иқан ауылы «Тәжіниса ана» балабақшасында 9 тәрбиеші жұмыс жасайды. Балаларды дұрыс тәрбиелеуді қамтамасыз ету, өз тобындағы әр — бір баланың қызығушылығы мен қажетіне ұқыптылық пен қамқорлықпен қарайтын, балалардың денсаулығын сақтауға, қорғауға байланысты дәрігер талабын орындау. Балаларды отбасында, балабақшада тәрбиелеу туралы ата — аналармен жұмыстың барлығын жүргізетін тәрбиешіге қойылатын талап жоғары.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 9 жылдан бері осы балабақшада 9 топты мектеп қабырғасына жібергенін айтады. Кейіпкеріміздің айтуынша бір күндік жұмыс уақытында таң ертеңгі сағат 7:30 шамасында жұмыс орнында болады екен. Ең бірінші балаларды біртіндеп дене қызуын өлшеп, тазалықтарын тексеріп, өзіне қабылдап алады. Таңғы уақытта балалардың көңіл күйін көтеріп, таңғы жаттығуға дайындайтынын айтады. «Бала балабақшада ойнап әрі өзінің ой өрісін дамытады және жаңа жас достар табады» дейді кейіпкеріміз Дилбар. Балабақшада гимнастика, би үйірмелері және дамуға арналған шахмат үйірмелері де бар.
«Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын  менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін» дейді кейіпкер. Осы сенімнің болуы — әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен  айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен  сезіне білуі қажет. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Сонымен қатар күнделікті күн тәртібі енгізіледі. Сол тәртіп бойынша балалардың барлық жағдайын жасап отыру керек. Балабақшада жалпы 4 топ, 100 бала бар. Дилбар Бабашовна ортаңғы топқа жетекшілік етеді. Күнделікті 25 баланың балабақшадан тәрбие алуын тығыз қадағалайды. «25 балада 25 мінез бар, оларды түсініп, ішкі дүниелерін сезіну керек. Әр-бір бала бір жұлдыз, біз олардың жарығын өшірмей керісінше лаулап жануына көмек беру керекпіз» — дейді балабақша тәрбиешісі. Балаларды тәрбиелеп қана қоймай, әр-бір тәрбиеші «Өрлеу» курстарынан өткен. Сонымен қатар әр түрлі байқауларға қатысып тұрады. Кейіпкеріміз 2020 жылы «Үздік тәрбиеші» номинациясын жеңіп алған. Бір орында тұрақтап қалмайтын маман иесі үнемі тәжірибесін ұлғайту үшін арнайы курстардан өтетіні айтады. Тәжірбиелі мамандармен жасақталған балабақшада соған сай, ақылды, дарынды, зерек балалар тәрбиеленіп келеді.
Абай атамыз айтқандай «жас  бала анасынан туғанда екі мінезбен туады, біріншісі- «ішсем, жесем, ұйықтасам, ойнасам» болса, ал екіншісі, «білсем, көрсем, қарасам, ұстасам, ол немене? Ол кім екен?» деген қызығушылығы тұрады. Мұның бәрін білгісі келген балаға тәрбиеші бағыт-бағдар беріп, көмек  көрсетіп, тексеру, нұсқау тәрбиешінің тікелей міндеті. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады.
Шын жүрекпен қалаған кәсіп пен  таза тер төгілген  еңбек арқылы өмірлік абырой-беделді, қоғам алдыңдағы құрмет сыйға ие болуға болады. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп, тер төгіп  жүрген жандар ғана түсінеді. Бір мезетте  алдындағы жиырма –жиырма бес балаға қарау, көңіл бөлу,  олармен тілдесу  тек сырт көзге ғана оңай жұмыс. Тәрбиешілер  елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеуші. Өйткені, жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін анасынан кейінгі  сіңірушісі, үйретушісі. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды дариды.
«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген ұлы Абай. Олай болса әріптестер жас ұрпаққа  мейірім шапағатпен , еңбекке баулу мен  қоса Отанға деген, Ана  тілге деген, жас ұрпаққа деген  махаббатын нығайта отырып, оларға тура бағыт бағдар  беру біздің тікелей міндетіміз болып табылады» — дейді кейіпкеріміз.