«ЕҢБЕК АДАМЫ». АҒАЙЫНДЫ ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР


Өрт сөндіруші әлемдегі ең қиын мамандықтардың бірі. Бұл салада қызмет ету үшін үлкен жүрек керек. Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді. Оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту маңызды. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқарып жүрген өрт сөндірушінің бірі Серікғали Сымайылов Сұлтанғалиұлы. Кейіпкеріміз Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты номері 35-ші өрт сөндіру бекетінің басшысы. Ол бұл салада 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді. Айта кетерлігі Серікғали Смайылов отбасында жалғыз өрт сөндіруші емес, інісі де, дәл осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар қызметкер. Яғни, өрттен құтқару саласындағы ағайынды болып таңдағандар. Бала кезінен бауырлар әкелерінің жүрген жолынан үлгі алып осынау жауапкершілігі мол маман иесі болуды аңсаған. Өрт сөндірушінің айтуынша, бір күнде бірнеше шақыртуға дейін түсуі мүмкін. Дабыл қағылған сәтте олар бір минут ішінде жиналып, төтенше жағдай орнына он минут аралығында жетеді. Отан үшін отқа түсіп жүрген кейіпкеріміздің бұл мамандыққа деген аңсары бала күнінен-ақ ауған. Әке ізінен еріп, өкше басып келе жатқан ол мамандығын адаспай тауыпты. Көкшетау техникалық институтында арнайы білім алып, қазір еңбегінің нанын жеп жүр. Өзі бұл салада тек мамандығын шексіз жақсы көретін таңдауына адал қызметкерлер жұмыс істейтінін айтады.
Өрт сөндірушілердің бір күні…
«Сағат 8:15-те қарауылдардың «разводы» болады. Бұл – күзетте тұрған және оны алмастыратын қарауылдардың сапқа тұруы, кезекшілікті ауыстыруға дайындығы. Ал осы уақытқа дейін маман жауынгерлік форманы киіп, дайын тұруы керек. Бірінші қатарда кезекшілікті тапсыратын, ал екіншісінде қабылдап алатын қарауыл тұрады. Олардың ортасында басшылық болады. Сапқа тұру аяқталғаннан кейін күзет техниканы тапсырады, оның ішінде көлік, өрт сөндіру техникасы, басқа да құралдар бар» — дейді Серікғали.
«Өрт сөндірушіге ең әуелі жауапкершілік қажет. Біз өлім мен өмірдің арасында тұрған адамдар үшін жауаптымыз. Бұл салаға адамдарға жақсылық жасаймын, қандай жағдай болмасын жан тігіп құтқаруға әрқашан әзірмін деген мақсатпен ғана келеді. Мұндағы әріптестерімінің барлығы адал еңбектің абыройға бөлейтінін жақсы біледі. Сондай-ақ жылдам әрі суыққанды шешім қабылдау маңызды. Өрт сөндіру – ұжымдық жұмыс. Бір адамның күшімен емес, тұтас команданың шапшаң қимылдап, ұтымды шешім қабылдауы арқылы алаулаған өрттің бетін қайтаруға болады. Оттың арасында жүргенде бірлігіміз бекем», дейді ол.
Күзет барлық техниканы таза әрі еш ақаусыз өткізеді. Кейін оқу процесі ұйымдастырылады. Барлығы оқу сыныбында жиналып, 11:05-ке дейін қарауыл бастығы сабақ өтеді.
Одан бөлек, норматив бойынша сағат 12:50-ге дейін жаттығу жүргізіледі. Ал сағат 13:00-14:00 аралығында түскі ас ішеді. Асханада тамақты мамандар өздері әзірлейді.
Сондай-ақ 14:00-ден 16:00-ге дейін объектілерге шығып, өртке қарсы тексеру жұмыстары жүргізіледі. Кейін сағат 5-ке дейін CrossFit-пен айналысамыз, жүгіреміз, штанга көтереміз. Бұл да күн тәртібінде көрсетілген. Кешкі асқа бір сағат уақыт беріледі. Одан тағы спортпен шұғылдануға, мәдени жұмыстарға уақыт бөлінеді. Бірі теледидар көрсе, бірі отбасымен сөйлеседі. Негізі спортқа көп басымдық берілген. Өрт сөндірушілік физикалық тұрғыда мықты болуылары қажет. Кейін 23:00-де ұйқыға жатамыз, — деп түсіндірді маман.
Тек бақылау пунктінде, кезекші қарауылда және гаражда тұрған 3 маман ұйықтамайды.Ал егер өрт оқиғасы бола қалсаса, онда ешкім ұйықтамайды, бәрі жұмысқа кіріседі. Жиналып, оқиға орнына жөнелуге 1 минуттай уақыт беріледі. Кезекші қарауыл 6:00-де ұйқыдан оянып, келесі келетін қарауылға техникаларды дайындайды.Өрт болған жағдайда өрт сөндірушілердің кестесі өзгереді. Олар 2-3 сағат немесе 5 сағатқа дейін оқиға орнында жұмыс істеулері мүмкін.
Өрт сөндірушілер көлігінде «рукава» (шланга), өрт сөндіргіштер, суға батып бара жатқан адамдарды және аварияда жұмыс істейтіндерді құтқаруға арналған құралдар, газ кескіштер, аралар, ломдар бар.
Өртке 2 көлік және 1 автобаспалдақпен шығамыз. Бірінші көлікте жүргізуші, қарауыл бастығы және 3-4 өрт сөндіруші болады, — деп түсіндірді маман.
Бұл мамандық иелері физикалық, психологиялық даярлық оқуларын оқып тұрады. Жалпы жұмыс күні темірдей тәртіпке байланған. Күн тәртібі таңғы таралымнан басталады. Отыз минут ішінде ауысым қызметкерлерінің төлқұжаттары, сыртқы киімі, былай айтқанда бойындағы «бес қаруын» сайлап, сақадай сай ма деген толық тексерістен соң автомобильдерге арналған рұқсаттама қағаздарын арнайы мамандар қадағалайды. Бұдан әрі еңбек адамдарынан қызметтік міндеттемелерін білуі бойынша сұрақтар қойылады. Өткен тәулікте атқарылған жұмыстар жөнінде бөлім басшысына баяндама жасалады. Таңғы таралымнан соң ауысым кезекшілігі жүргізіледі. Ауысым кезекшілігіне отыз минут уақыт беріледі. Өрт сөндіру автомобилінің жүргізушілері өрт сөндіру техникаларын қабылдаса, өрт сөндіруші қажет құрал-жабдықтарды қабылдайды. Бұл ретте көліктің жалпы жұмыс істеуі, судың бар-жоғы, өрт сөндіргіш көбіктің деңгейі мұқият тексеріледі.
Сөз соңында кейіпкеріміз «Біздің жұмыс көп елене бермейтін ерлік, біз өзге үшін отқа түсуден тайынбаймыз өйткені бұл біздің міндетіміз» деді. Бүгінгінің батырына айналған еңбек адамдарының мерейі лайым үстем болуға тиіс.