ДАРХАН САТЫБАЛДЫ САУРАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Облысты, ауданды дамыту жоспары туралы баяндап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Сұрақтарына жауап берді.
– Сауран ауданы жаңадан құрылған соң әлеуметтік-экономикалық дамуы жандана түсті. Дегенмен инвестиция көлемін ұлғайту жұмыстарын күшейту керек. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан ауданның әлеуеті жоғары. Жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік мол. Екіншіден, орта ғасырлардан сыр шертетін тарихи Сауран қалашығы бар. Туризмді дамытуға болады. Аудан әкімі осы бағытта жұмыс жүргізуі тиіс. Сауран ауданын дамыту жұмыстары жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімінің саурандықтармен былтырғы кездесуі нәтижесінде бірқатар мәселе шешімін тапқан. Иассы ауылдық округінің интернет желісінің нашарлығы туралы шағымға байланысты Еңбекші-дихан елді мекенінде «Билайн», «Кселл» операторының 4G стандартын қолдайтын жаңа станциялары орнатылды. Егізқара елді мекеніне баратын жол жөнделген. Ауданың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жұмыс жалғасуда.
Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, жол, ауыз су, ағын су және өзге де мәселелерді қозғады. Жеке қабылдауда да облыс әкімі тұрғындармен пікір алмасып, мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылады.
Былтыр Сауран ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,1 млрд. теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 5,3 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 мыңнан асып, 43,4 млрд. теңгеге өнім өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артық.
Сауран ауданы құрылғалы бері 26 млрд. теңге инвестиция тартылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Оның ішінде 20 млрд. теңгесі – жеке инвестициялар. 2022 жылы жалпы құны 3 млрд. 429 млн теңгені құрайтын 4 (жеке) инвестициялық жоба 384 жаңа жұмыс орнымен іске қосылды.
Биыл құны 6,3 млрд. теңгені құрайтын 6 жеке инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 195 жаңа жұмыс орны ашылады. Ауыл шаруашылығында 87 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,7%-ды құрады. Егіс көлемі 42 мың гектарға жетті.
Өткен жылы 34 шақырымды құрайтын 18 көшені жөндеуге 1,5 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі артты.
Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 4,3 млрд. теңгені құрап, 24%-ға артқан. 30 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс көлемі 44%-ға ұлғайып отыр.
Қазіргі таңда Сауран ауданында 5 мемлекеттік орган ғимараттарының құрылысы жүргізілуде.