БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 24 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов биылғы жаңа оқу жылында 24 мектеп пайдалануға берілетінін мәлім етті.
«Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі, — деді М.Әйтенов.
Сонымен бірге, қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде.
Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту екенін айтқан Шымкент әкімі М.Әйтенов халықты жұмыспен қамту шараларына 57 мыңнан астам адамды қатыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Осы жылы 5 айда 22 мыңнан астам адам қамтылды. Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 7,2 млрд.теңге қарастырылған.
«Тең қоғам» орталығында 1900 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 4,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды (2021 ж. 3,7 млрд.т).
«Бақытты жанұя» орталығында 7062 көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Шымкентте биыл бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Шымкент жастар лигасы» екінші рет ұйымдастырылды. Өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы жылы спорттың 4 түрінен 151 мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Металлург» стадионын реконструкциялау, №12 спорт мектебі ғимаратына қосымша құрылыс және Бозарық шағын ауданында ауыр атлетика спорт кешені, «Медициналық колледжі» спорт залының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен бірге, жеке инвесторлар есебінен «Ипподром» және «Үстел теннисі орталығының» құрылысы жүріп жатыр.