ӘБДІКЕРІМ МАНАПОВ ЖАЙЫНДА БІР ҮЗІК СЫР

Қазақ айтыс өнерінің дүлдүлі, «Халық ақыны» Манап Көкеновтей сөз ділмарының ізін жалғастырушы, 1980-2000 жылдар аралығында қазақ айтыс өнерінің қайта жаңғыруына сүбелі үлес қосқан, суырып салма талант иесі Әбдікерім Манаповтың бұл жалғанмен қоштасқанына да 40 күннің жүзі толыпты.

Айтыскер ақын Әбдікерім Манаповтың соңында 300-ден аса өлеңдері мен 60-тан астам әндері қалды. Ол көзі тірісінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер Одақтарының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанды. Түркістан қаласының Мәдениет бөлімін 20 жылға жуық басқарды. Өмірінің соңғы 12 жылын Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде жауапты қызметтер атқарумен өткізді.

Өмірі өнегелі Әбідкерім Манаповтың шығармашылығы мен жүріп өткен жолдарына қатысты жазылған ескірмес естеліктермен бөліскенді жөн санадым. 2009 жылдың тамыз айы болатын. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне директордың мәдени-көпшілік жөніндегі орынбасары тағайындалды. Өзі бұрын айтыс сахнасында өнер көрсеткен екен. Айтулы «Халық ақыны» Манап Көкеновтің ұлы Әбдікерім Манапов. Қаладағы мәдениет бөлімін ұзақ жыл басқарған екен, – деген әңгіме самал желдей есілді. Ертесі күні кабинетке нұрлы жүзді, сөзуар Әбдікерім Манапов аға өзі келді де «Ассалаумағалейкум, бұл көрме және экспозиция бөлімі ме? Ал, танысалық, мен Әбдікерім Манапов деген ағаларың боламын. Осы бөліммен жұмысым тығыз байланысты екен», – деп әрқайсымыз бен жеке-жеке танысты. Арасында руымызды да сұрап қояды. Сөз соңында әзіл сөзімен «ал жақындарым, бүгіннен бастап бәріңнің аттарыңның соңына «Қожа» сөзін қосамын. Өйткені сендер әулие Қожа Ахметтің шырақшысыңдар», – деп сөзін аяқтады. Бөлімнің барлығы күлкіге қарық болды. Келесі күні музей кітапханасына жұмыстармен шығып кетсем, Әбдікерім аға мені іздепті.

Кабинетке кіре сала әріптестерім «сені кешегі директордың орынбасары іздеп келді», – деді. Кабинетіне барсам орнында шоқшиып, жазу жазып отыр екен. Есігін қағып «Аға мені іздепсіз ғой», – дедім. «Кел Берікқожа, іздеген себебім, жұмыс жоспарын жасап жатырмын. Көмегің қажет. Отыр қасыма, мына жоспармен таныс», – деп бума қағаздарын ұсынды. Өте сауатты жазылған жоспар екен, күні, айы жасалынатын жұмыстарды тізбектеп «қыздың жиған төсегіндей» етіп жазыпты. Сөз арасында Әбекең аудан орталықтарында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі күндерін өткізейік. Онда лекция, көрме жұмыстарын насхаттайтын боламыз. Осы жобаны қолға алайық дегенді айтты. Ол жоба шыны керек маған да ұнады. Басшылықтың талқылауына ұсындық. Жоба бірауыздан мақұлданды. Көп ұзамай Әбдікерім Манапов аға мені бауырына тарта бастағандығын сезіндім. Бірде «Берікқожа сен білесің ба, мен сенің жақын ағаң боламын», – деді. Мен мырс ете күлдім. «Әбеке қойыңызшы, Сіз Пайғамбар әулетіненсіз мен Шыңғыс төренің нағашы жұртынанмын», – дедім. Әбекең іркілместен, «Сен менің әкем Манап Көкеновты танисың ба? Әлбетте, ол кісіні бұл өңірде танымайтын жан жоқ шығар», – дедім.

Әбдікерім аға сөзін жалғап: «Ол кісі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында автоклуб меңгерушісі болып, «Қызыл отау» деген жерде жұмыс атқарған. Сыр мен Қаратаудың арасын жайлаған Шыңғыс төренің нағашы жұртынан тарайтын Орта жүздің – Ақболат, Қырғызәлі, Алтый, Қараша, Қайрақ деген атадан тараған ұрпақтары тұрады. Әкем Манап ақын олармен жілік ұстасып, өте тығыз қарым – қатынаста болып, осы аталмыш ағайындардың өкіл баласы атанған. Сонда менің әкем сенің көкең болса, мен саған қалай аға бола алмаймын», – деп әңгімені арыдан айтып, мені әпсәтте іні атандырды. Іштей мақтаныш сезімі ұялағандығын бұл күнде сағынышпен жазып отырмын. Бозбала Берік пен дана Әбдікерім аға арасында ізгілік қарым-қатынас осылай басталған еді.

2009 жылы Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылығына арнап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Хұжыра бөлмесінен тақырыптық көрме қою жұмыстары қолға алынған болатын. Алайда, музей қорында Өзбекәлі Жәнібековке қатысты жәдігерліктер өте аз болды. Әбдікерім Манапов көрменің бүкіл құжаттарымен танысып, қалған жәдігерліктерді зайыбы Халихан Айдосқызымен сөйлесіп уақытша көрмеге алдыру жағын түсіндірді. Көп ұзамай ойға алған шаруамыз оңынан болып, Алматы қаласынан Өзбекәлі Жәнібековтің тұтынған заттары мен жазған мақалалары, кітаптары көрмеге біржолата берілді.

Сол жылдары Әбдікерім Манапов бастаған музей қызметкерлері Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің күндерін сәтті өткізді. Араға аз уақыт салып бұл жоба Оңтүстік Қазақстан қазіргі Түркістан облысының Кентау, Отырар, Созақ аудандарында жалғасын тапты. Қорық-музейдің қорында сақталған қаншама жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып, насихатталды.

Ақын жанын көп толғандыратын дүние Қожа Ахмет Ясауидің отбасына қатысты зерттеулердің лайықты деңгейде жүргізілмегендігі еді. Әр сөзінде Қожа Ахмет Ясауидің ұлы Ибраһим сұлтанның қабірінің басына белгітас қою қажеттігін ылғи жиналыстарда айтып отыратын. Түркістандық көнекөз қария И.Жолдасқожаұлының қолында сақталған деректерінің негізінде И.Жансүгіров көшесінде орналасқан үйлердің бірінің астына мүрдесі қалған Ибраһим сұлтанның қабіріне ғылыми археологиялық зерттеу жүргізуге мұрындық болды. Археологиялық қазбаны тарих ғылымдарының кандидаты, археолог-ғалым М.Тұяқбаев бастаған қорық-музей мамандары жүргізді. Нәтижесінде үйдің іргесінен Ибраһим сұлтанды жерлеген қабірдің басына егілген көп жылғы дарақ талдың тамырын тапты. Әрі қарай сүйекке жетер тұста үй егесі арымен қарай қазуға рұқсат бермеді. Себебі, үй опырылып құлап кету қаупі болып, қазба жұмысы сол жерден тоқтатылды. Үйдің егесі Б.Ебергенов ағамыз азаматтық танытып, Ибраһим сұлтанның басына белгітас қоюға келісті. Күздің қоңыр салқыны түскен уақытта Ибраһим сұлтанға арнап дастарқан жайылып, Құран оқылып, ас берілді, басына белгітас қойылды. Осы істің басында жүрген Әбдікерім ағамыз бірде «Берікжан ау, арқамнан үлкен ауыр жүк түскендей болды», – деген болатын. Расында бұл үлкен шаруаның бастамасы еді.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Ә.Манапов бастаған топ Қызылорда қаласы, Түркістан облысының Бәйдібек, Арыс, Шардара, Ордабасы аудандарында тақырыптық көшпелі көрмелерді ұйымдастырып, көпшіліктің алғысына бөленді. Бірде Арыс қаласына көшпелі көрме ұйымдастыруға бара жатқанда жолай, ақын Көпбай Омаровтың жамбасы тиген зиратына соғып, Құран бағыштадық. Көлікпен ары қарай зулап бара жатқанда Әбдікерім аға ақын Көпбай Омаровпен қалай танысқандығы жөнінде сөз өрбітті. «Бірде облыстық айтыста Көпбай Омаровпен айтысатындығымды естіп, көп дайындық жасадым. Кіндік қаным тамған Талапқа барып әкем Манап Көкеновтен бата алып айтысқа баратындығымды жеткіздім. Әкем Манап ұзақ ойланып отырып, балам Көпбай деген айтыстың арыстаны онымен сөз қағыстырғаның дұрыс болмайды-ау деді. Айтысып батасын ал. Жаман болмайсын деді. Араға апта салып Шымкентте Көбекеңмен айтыстым. Нағыз айтыстың арыстаны екен. Сөз соңында ол кісіге іні атанып, батасын алдым», – деді. Арасында айтыстағы кейбір сөздерін айтып көлікте отырған баршамызды күлкіге қарық қылды. Арыс қаласына қалай жеткенімізді де білмей қалдық. Ол кісі сөзуар, оқиғаларды керемет суреттеп жеткізудің нағыз маманы еді.

2012 жылы Қазақстан музейлері арасында алғаш рет реконструкцияланған тарихи қойылымдарды музей ісінде сахналау жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде Абылайды хан көтеру реконструкцияланған қойылымын қою туралы ғылыми кеңестің шешімі бекітілді. Тарихи қойылымның сценарииін кім жазады? – деген басты сұрақ күн тәртібіне қойылды. Таңдау Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын Ә.Манаповқа түсті. Жұмыс тобы құрылып, нәтижесінде орталық кітапхана, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасындағы барлық қазақ хандарына қатысты кітаптардың барлығын бөлмесіне жинап, бір апта тапжылмай әдебиеттермен танысты. Шұқшиып отырып, ойларын қағаз бетіне түсірді. Оны біздер кезек-кезек компьютерге теріп алдына қайта кіргіземіз. Қателерін қарап, жаңа ойларын қайта жазып, бар-жоғы он күннен астам уақытта қойылымның сценариін жазып шықты. Сценари музейдің жанынан құрылған ғылыми кеңесте қаралып, бекітілді. Атағы бар ғалымдар тарапынан жазылған сценариге қосымша ойлар мен пікірлер айтылады ма десек, оған ешкімнің тісі батып пікір білдіре алмады. Пікір айтуға ауыз бармайтындай етіп жазылған сценариді оқысаңыз, еш жалықпайсыз. Бұл іс-шараның бастамасы ғана еді. Хан-сұлтандар, билер-батырлар және игі жақсыларға арнап киімдер тігілді. Осы қойылымды Түркістан қаласында Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының әртістері керемет орындап шықты. Қойылымның көрсетіліміне Түркістанда өтіп жатқан «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға келген шетелдіктерде тамашалап, одан алған әсерлерімен бөлісті. Осы игі істі өткізуде Әбдікерім Манаповтың үлкен қолтаңбасы қалған еді.

2016 жылы Әбдікерім Манаповтың қаламынан мектеп оқушылары мен мектеп жасындағы балаларға арналған «Аманат», «Ерте үзілген әңгелек», «Ибраһим шайық», «Меккеде оқылған намаз» сынды кітапшалары жарыққа шықты. Осы жылдан бастап қорық-музей жанынан республикалық «Ясауи мұрасы» газеті оқырманға жол тартты. Айына бір рет шығатын республикалық басылымның Бас редакторы болып Ә.Манапов тағайындалды. Оның басқаруымен газет 2021 жылдың тамыз айына дейін үздіксіз шығып отырды.

2016-2018 жылдар аралығында Әбдікерім Манапов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Қожа Ахмет Ясауиге байланысты халық жадында жүрген көптеген аңыз-әфсаналарды халық арасынан жинады. Көп ізденді, экспедицияларды ұйымдастырды. Нәтижесінде 2018 жылы «100 аңыз» атты кітабы жарық көрді. Көп ұзамай бұл кітап орыс және ағылшын тілдеріне аударылды. Сөз соңында айтпағымыз, елдің мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі Әбдікерім Манаповтың артында қалған 300-ден аса өлеңдері мен 60-тан астам әндерін жинақтап, жарыққа шығаруды алдағы күндердің еншісіне қалдырып отырмыз. Бұйыртса, сол жинақ кітап болып, қалың оқырманның қолына жол тартатын болады.

Берік БАЙБОЛ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.