«Балалардың арманын орындау – бұйыра бермейтін бақыт»
Түркістан өңірінің бүлдіршіндеріне «Армандар орындалады» жобасы арқылы қуаныш сыйлап жүрген Әсел Бимырзаева былтыр облыс бойынша жылдың «Үздік белсендісі» атанған. Ол «Arman-Qanat» қоғамдық қоры арқылы осы жобаны іске асырып, «Алғыс күні» мерекесіне орай Астанада өткізілген «Қайырымдылық керуені» V республикалық конкурсында «Мейірім жолында» номинациясына ие болған. Қала мектептерінің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін ол кейбір тұтас ұжымдар атқара алмайтын істі бір өзі атқарып жүр. Өмірге деген құлшынысы ғаламат ұстаздың қолдаушылары да уақыт өткен сайын көбейіп жатыр екен. Осы орайда жоба авторын сөзге тартып, бірқатар сауалымыздың жауабын алдық.
– Әсел Махамбетқызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?
– Мен Тараз қаласында туылғанмын. Балалық шағым Арыс қаласында өтіп, сол жерде мектеп бітірдім. Содан соң Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жоғары білім алып, осы қалаға келін болып, қызмет жолымды №17 Ататүрік мектебінде мұғалім болудан бастадым. Қазіргі уақытқа дейін сол білім ұясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін.
– Қазір «Армандар орындалады» жобасын іске асырып келесіз. Бұл идея қайдан, қалай пайда болды?
– Шынымды айтсам, басында бұл ойым іске асып, жоба кең етек алады деп ойламадым. Былтыр «Балалар жылы» аясында көптеген іс-шаралар өтіп жатты. Қарап отырсам, ол іс-шаралардың көбі дені сау балаларға арналған спорттық сайыс, байқау сынды жобалар екен. Ал, ерекше балаларға арналған жұмыстарды байқамадым. (Әрине, бұл жерде біреуге күйе жаққым келіп тұрған жоқ.) Сөйтіп, өзім де ерекше баланың анасы әрі ерекше балаларға сабақ беретін мұғалім ретінде бір жобаны қолға алсам деп ойладым. Оқу жылының аяғына жақындаған мамыр айы болатын. Үйден білім алатын бір оқушыма барып отырғанда «Сен нені армандайсың? Кім болғың келеді?» деген сұрақтарды қойдым. Сонда ол дәрігер болғысы келетінін, осы уақытқа дейін лаваш жемегенін және кинотеатрда көпшілікпен отырып кино көргісі келетінін айтты. Сол кезде менің ойыма бірден «Біз өзі қандай адамбыз?» деген сұрақтар келіп, дымым шықпай, өзімді кінәлағандай болдым. Себебі, өз балаларымды әрдайым киноға апарып, қыдыртып жүремін. Ал, арбаға таңылған ол баланың анасы жалғызбасты болатын. Өздері төртінші қабатта тұрады. Соған қарағанда сыртқа көп шықпайтын болып тұр ғой. Содан өз үйіме барғанша жылап бардым. Жеткеннен кейін, жолдасыммен ақылдасып едім, «анасынан рұқсат сұра» деп кеңес берді. Нәтижесінде, анасының рұқсатын алып, баланы «Ханшайым плаза» деп аталатын ойын-сауық орталығына апарып, қалаған тамағын әперіп, киноны да бірге көрдік. Сол кезде ол бала маған қарап: «Әсел апай, шынымен армандар орындалады екен ғой!» деді. Осы сөз маған қатты әсер етіп, үйге бара салысымен осы жобаның жай-жапсарын құруға кірісіп кеттім. 2022 жылдың маусым айында әлеуметтік салаға жауап беретін мекемелерден 10 ерекше баланың тізімін алып, олармен тілдесіп, армандарын хатқа түсіріп, демеушілердің көмегімен алғашқы іс-шараны өткіздім. Бастапқыда мұндай іс-шараны маусым, шілде, тамыз айларында, яғни жазғы демалыста ғана өткіземін деп ойлағанмын. Бірақ, тамыз айына келгенде 5-6 адам хабарласып, «маған бір хат дайындап қойшы» деп айтқан соң, арғы жағындағы 4 адамды табу қиындық тудырмады. Солай-солай жоба қолдау тауып, бұл іспен айналысып келе жатқаныма бір жылдай уақыт болып қалыпты.
– Демеуші табу қиындық тудырмайды ма?
– Шыны керек, осыған дейін демеуші табу тұрғысынан қиналған жоқпын. Дегенмен, арасында жауапсыз қалдыратындар, сөзінен тайқып кететіндер кездесіп жатады. Жағдайын дұрыстап түсіндіретіндер де бар. Бір айта кетерлігі – осы уақытқа дейін өзім танитын, әлеуметтік желі парақшасында достықта бар бірнеше Мәжіліс депутаттарына хабарласқанымда, біреуі де ұсынысымды кері қайтармады.
– Қазіргі қалталы азаматтардың қайырымдылық жасауға деген ықыласы қандай?
– Бүгінде жаны жомарт, жүрегі мейірімді азаматтар көп. Бірақ, барлығы бірдей қайырымдылық жасауға құштар деп те айта алмаймын. Тіпті, демеушілерге қатысты «ой, бұлардың бәрі өзіне реклама жасап жүр ғой» деп тиіскендері де болды. Рас, кей азаматтар атын айтпауды өтінсе, енді бірі «менің атым аталмай қалды» деп жатады. Ал, маған демеушілер атын шығару үшін немесе мақтану үшін қайырымдылық істей ме, қызық емес. Ең бастысы – қоғамдағы «ерекше» балаларға қуаныш сыйлау.
– Осы уақытқа дейін шамамен қанша балаға қуаныш сыйладыңыздар? Сіздің ойыңызша, бұл жоба қай уақытқа дейін жалғасады?
– Жалпы, өткен жылдан бастап жоба арқылы 200-ге жуық баланың арманын орындаған екенбіз. Демек, еліміздің осыншама азаматы қайырымды іске үлес қосты деген сөз. Бастапқыда қала көлемінде іске асырылған жоба қазір облыстық деңгейге көтерілді. Мәселен, өткен жолы Отырар, Бәйдібек аудандарынан ерекше балалар алдырдық. Олардың арасында Түркістанды мүлдем көрмеген балалар да болды. Жалпы, осындай игі іс-шараға бейжай қарамайтын жомарт жандар табылып тұрса, мен шамам жеткенше бұл істі жалғастыра беремін және ауқымы кеңейе береді деп ойлаймын. Қазір осы жоба аясында бірнеше іс-шара өткізіліп жататынын да естимін. Ол да қуантарлық жағдай.
– Іште қалып бара жатқан ойлар бар ма?
– …Мен он жылдан астам уақыт бойы ерікті ретінде қоғамның дамуына азды-көпті үлес қосып жүрмін. Жасырмаймын, алғаш рет жалғызбасты, көпбалалы аналарға көмек беріп көрдік. Кейін жағдайымыз асып-тасып тұрмағандықтан қиналыңқырап жүрдік. Өзіміз пәтер жалдап тұратынбыз. Мен жұмыссыз болатынмын. Жолдасым: «Қайтесің, шаршайсың ғой. Оның үстіне
жағдайы төмен әр отбасын көріп қайтқан сайын мұңайып қала бересің, жүрегіңе жақын қабылдайсың» деген сөздерді жиі айтатын. Кейін менің алған беттен қайтпайтыныма көзі жетті ме, тек қолдау көрсетіп келеді. Ал, мен үшін ол кісінің қолдауы өте маңызды.
…Әр жұма сайын тұрақты түрде көмек бергісі келетін жандар қаржы салып тұрады. Мен ол дүниені өз мақсатына жұмсап, есебін беремін.
…Балалар әрдайым үлкендердің қамқорлығы мен қолдауын сезінулері керек. Зорлық-зомбылықсыз, бақытты балалық шақты бастан өткізулері үшін қоғам болып белсенділік таныту өте маңызды. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың қоғаммен етене араласып, өзіндік орындары бар екендіктерін жете түсінулеріне жағдай жасау назардан тыс қалмауы қажет. Қолжетімді, әрі ыңғайлы білім алуларына жағдай жасау, қоғаммен бірге жайлы өмір сүруге талпындыру, қамқорлықты сезіндіре отырып, балауса жүректеріне мейірім дәнін себу – біздің басты міндетімізге айналғаны абзал.
… Қайырымдылық акциясын ниет білдірген демеушілердің арқасында жүзеге асырып жүрмін. Ол кісілерге алғысым шексіз!
– Өнегелі ісіңіз және сұхбаттасқаныңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін! Балалардың барлығы бақытты, азаматтардың жаны жомарт, тілегі ақ болсын!
Сұхбаттасқан Б.ЕРМАН