БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Берік Айдарбекұлы Бекжанов Асар қалалық балалар ауруханасының ұжымымен кездесіп, ондағы жағдайды өз көзімен көріп, танысты. Кезінде 250 орынға лайықталып салынған ауруханада қазір 350-ге тарта бала емделеді.Емдеу мекемесі соңғы жылдары өз күштерімен сирек ауруларды емдейтін бөлімшелер ашқан. Әрине, әлгіндей науқаспен ауырған балалар көбейген соң ашылып жатқан бөлімшелер. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында тұрғындардың денсаулығын жақсарту, әсіресе, балалар ауруын азайту міндеті жүктеледі. Денсаулық сақтау саласына қатысты партия бағдарламасы кестеге сай орындалып келеді.

Мәжіліс депутатына аурухана ұжымы көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Кейбірін ортаға салып, бірге талқылады. Алғашқысы, дәрігерлердің мәртебесіне қатысты болды. Дәрігердің бұрынғыдай дәрежесін анықтау алынып тасталған соң, жалақыны есептеу де өзгерген. Сосын, дәрігердің қателігі деген түсінікке де көзқарас басқа болса деген ұсыныс айтылды. Қазір ол үшін қылмыстық іс қозғалады. Ал әлемдік тәжірибе басқашалау.
Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов дәрігерлер айтқан ұсыныстың барлығы ескерусіз қалмайтынын айтты. Парламент қабырғасында оның барлығы тиісті талдаудан өтеді. Сосын, қажетіне қарай шешім қабылданатын болады.