Бабайқорғанда есептік кездесу: тұрғындар ұсынысы ескеріліп, жоспарлар нақтыланды
Кездесуде Бабайқорған ауылдық округінің әкімі Жасұлан Мыңтаев 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы кезең бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, ауылдық округтің даму қарқыны бірқатар салада оң нәтиже көрсеткен.
Негізгі көрсеткіштер мыналарды қамтиды:
-
Ауылдық округ бюджеті 112,6 млн теңге көлемінде бекітіліп, оның 48,5 млн теңгесі бес айда игерілді;
-
Салықтық түсімдер жоспары 222%-ға артық орындалып, 12,3 млн теңге бюджетке өндірілді;
-
Мал шаруашылығы саласында 4050 ірі қара, 33 356 қой-ешкі, 2067 жылқы тіркелді;
-
Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 2220 гектар. Бұл алқаптарға түрлі дәнді және мал азығы дақылдары егілді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылған. Округ аумағында:
-
15 аялдама абаттандырылып,
-
тротуарлар төселіп,
-
балалар мен спорт алаңшалары орнатылды.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз су, ауыл шаруашылығы, жер үлестіру, жол сапасы, мал жаю мәселесі секілді бірнеше өзекті сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстарын білдірді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров халықпен кері байланыстың маңызды екенін атап өтіп, көтерілген барлық мәселелердің назарға алынатынын және кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
«Бабайқорған – әлеуеті жоғары ауылдық округтердің бірі. Біз үшін тұрғындардың өмір сапасын арттыру – басым міндет. Әрбір ұсыныс – нақты әрекет жоспарына негіз болады», – деді аудан басшысы.