“БӘРІМІЗ БІРДЕЙМІЗ, КЕМСІТУДІ БІЛМЕЙМІЗ» ШАРАСЫ ӨТТІ
Бүгін Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай, аудан жастары арасында “Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!” атты жастарға арналған шығармашылық кеш өтті.
Шараны Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығы төрағасы Еркінбай Керімбайұлы және Сауран ауданы мәслихатының депутаты Х.Шарапов ашып, «Жастар біздің болашағымыздың жарқын кепілі. Біз жастарды қолдап, биік-белестерді бағындыра білу жолында дұрыс бағыт-бағдар бере білуіміз қажет. Әр бала бақытты болуға лайықты. Олардың бақытты болуы жолында қызмет жасайтын ересектер осындай игі істерге қолдау көрсетіп жүрсе біздің ертеңіміз еңселі болары анық деп нық сеніммен айта аламыз»- деп жүрек жарды ыстық лебіздерін жеткізді.
Мерекелік кеш барысында өнерлі де талантты жастарымыз әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, қыл қалам шеберлері өз қолдарымен кереметтей суреттерін салып көпшілік назарына ұсынды. Поэзия жанры бойынша тебіренте өлең оқыған жастарымыз да дүйім жұртты сүйсінтті.
Көңілдерді тербеген, шаттық пен шабыт сыйлаған әуезді кештің соңында Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Байғазыұлы және Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ- нің басшысы Айгерім Ералықызы қатысушы жастарға ыстық лебіздерін білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.